Мемлекеттік бюджетке салық түсімдерінің өсу қарқыны 14 пайызды құрады – Смайылов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекеттік бюджет кірістері бойынша жоспар 101 пайызға орындалды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында «Салық және кедендік әкімшілендіру» тақырыбында баяндама жасаған ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік бюджеттің кірістері бойынша жоспары 101 пайызға орындалды немесе жоспардан тыс 76 млрд теңге түсті. Өткен жылдың осыған ұқсас кезеңімен салыстырғанда түсімдердің өсімі 14 пайызға немесе 911 млрд теңгеге өсті. Мемлекеттік бюджетке салық түсімдерінің өсу қарқыны 14 пайызды құрады. Ол өткен кезеңмен салыстырғанда 886 млрд теңгеге артық», - деді ол.

Оның дерегінше, ішкі тұтыну тауарларына қосылған құн салығы бойынша 282 млрд теңгеге, корпоративтік табыс салығы 194 млрд теңгеге және еңбекақы қорынан салықтар бойынша 95 млрд теңгеге өскені байқалады. Сондай-ақ кедендік төлемдер де өсті. ЕурАзЭҚ-тен қосылған құн салығы бойынша 88 млрд. теңгеге және үшінші елдерден ҚҚС 73 млрд теңгеге артты.

«Келтірілген нәтижелер фискалдық әкімшілендіруді арттыруға бағытталған мемлекеттік кіріс органдарының жұмыс стратегиясы дұрыс екендігін білдіреді. 2019 жылға арналған республикалық бюджет кірістерінің нақтыланған болжамы 7 трлн 81 млрд теңге сомасында айқындалды. 2018 жылдың фактісіне кірістердің 1 трлн 233 млрд теңгеге немесе 121 пайызға, оның ішінде: экономиканың және экспорттық тауарлар бағасының өсуіне байланысты 393 млрд теңгеге; салықтық және кедендік әкімшілендіруді жақсартуға және оларды цифрландыруға байланысты 840 млрд теңгеге жыл қортындысы бойынша өсуі болжанып отыр», - деді Ә.Смайылов.

Сонымен қатар ол тәуекелдерді басқарудың жүйесі жетілдіріліп жатқанын айтты. Бұл бақылау жасау үшін субъектілерді барынша дәл іріктеуге мүмкіндік берді және жүргізіліп жатқан іс-шаралардың нәтижелігін арттырады. Нәтижесінде салықтық тексерулердің қорытындылары бойынша анықталған бұзушылықтардың сомасы 20 пайызға ұлғайды. Қашықтан бақылау әдістері де жетілдірілуде.

«Ағымдағы жылы электронды шот-фактураларды қолдана отырып, камералдық бақылаудың жаңа рәсімдері енгізілді. Қосымша 221 млрд теңге есептелді - өсім 19 пайыз. 175 млрд теңге өндіріліп алынды. Сондай-ақ бюджетке салық төлеуді ынталандыру шаралары қабылдануда», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар