Мемлекеттік борыш қауіпсіз деңгейде сақталады - Қаржы министрі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алдағы уақытта біртіндеп бюджет тапшылығын төмендету жоспарлануда.

Бұл туралы Парламент Сенатының жалпы отырысында ҚР Үкіметінің 2020 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін қарау кезінде Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Квазимемлекеттік сектордың қызметі туралы біраз сындар айтылды. Осы бағытта мемлекеттің экономикаға тікелей қатысуын қысқарту бойынша жұмыс жалғасады және жекешелендіру процесі күшейтіледі.

Жыл сайынғы көтерілетін мәселе – ол квазимемлекеттік сектор субъектілерінің шоттарындағы қалдықтар. Бюджет заңнамасына қажетті өзгертулер қабылданды.

Бұл қаражат субъектілердің тиісті органдарының шешімімен белгіленген тәртіп бойынша жаңа жобаларға бағытталады немесе бюджетке қайтарылады» - деді Е. Жамаубаев.

Оның айтуынша, аталған есепті қарау кезінде мемлекеттік борыштың өсуіне ерекше назар аударылды.

«Расында, дағдарысқа қарсы шараларды қаржыландыру үшін 2020 жылы біз бюджеттің тапшылығын және қарыздарды ұлғайтуға мәжбүр болдық.

Алдағы уақытта біртіндеп бюджет тапшылығын төмендету жоспарлануда. Бұл жаңадан қарыз алу қарқынын да азайтады.

Валюталық тәуекелдерді болдырмау және қарыз құралдарының жергілікті нарығын дамыту үшін барынша ішкі нарықтың өтімділігі пайдаланылатын болады.

Мемлекеттік борыш қауіпсіз деңгейде сақталады және ол белгіленген лимиттен асып кетпейді» - деді министр.


Соңғы жаңалықтар