Мемлекеттік баспанаға үміткер болуға құқығы бар адамдар тобы заңнама деңгейінде анықталады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік баспанаға үміткер болуға құқығы бар адамдар тобы заңнама деңгейінде анықталады.

Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев мәлім етті. Еске салайық, жалпы отырыста палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған болатын.

«Құжаттың мақсаты тұрғын үй қатынастары саласында әкімшілік құқық бұзушылықтардың жаңа құрамдарын енгізу, мемлекеттік баспана алуға үміткер адамдардың тобын анықтау үшін бюджеттік ұйым ұғымын енгізу болып табылады. Бұдан бөлек уәкілетті органдардың тұрғын үйге қойылатын техникалық талаптары бойынша құзыретін анықтау қарастырылып, кондоминиум нысанын басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету көзделеді», деді Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев.

Оның айтуынша, кондоминиум нысандарын басқару органдарына қатысты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша құқық бұзушылықтардың жаңа құрамы енгізіледі.

Сонымен қатар, тұрғын үй қатынастары туралы заңнамаға «бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері» туралы жаңа ұғым енгізіледі. «Қазіргі уақытта бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне жатқызылған адамдар тобы еліміздің ешқандай заң актісінде анықталмаған. Осыған орай, баспанаға кезекте тұрғандардың тізімін жыл сайын түгендеу кезінде жергілікті атқарушы органдар олардан растайтын құжаттарды талап етеді. Бұл өз кезегінде азаматтардың аталған санаттары үшін болмай отыр. Сондықтан да бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері ұғымы мемлекеттік тұрғын үйлерді беруге үміткер болуға құқығы бар адамдар тобын анықтау мақсатында енгізілетін болады», дейді министр Болат Жәмішев.

Бұдан бөлек, заң жобасында көп балалы отбасылардың мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алғанға дейін олардың кезегін сақтау, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау, жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынан айырылған балалардың тұрғын үйге сөзсіз құқығын сақтай отырып, олардың арасында пәтерлер бөлу үшін ең кемі жиырма пайыздық квота бекіту туралы ұсыныстар да қабылданды.

Соңғы жаңалықтар