Мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттік: Функциялар қайта бөлінеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобасын қабылдаудағы мақсат – мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді одан әрі қайта бөлу. Сондай-ақ алдыңғы әкімшілік реформаларды жалғастыру.

«Жоба Мемлекет басшысының тапсырмаларын, стратегиялық құжаттарда және сарапшылардың ұсынымдарында айқындалған басымдықтарды ескере отырып дайындалды. Оны әзірлеу кезінде орталық және жергілікті деңгейлердегі мемлекеттік функцияларды талдау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Заң жобасында 55 заңнамалық актіге, оның ішінде 5 кодекс пен 50 заңға түзетулер көзделіп отыр», - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев.

Заң жобасы шеңберінде 94 функция қайта бөлінеді, оның ішінде:

- Үкіметтен министрліктерге 89 функция беріледі;

- жергілікті атқарушы органдарға 5 функция беріледі.

«Сонымен қатар, 4 мемлекеттік органға қосымша өкілеттіктер беріледі. Жалпы, заң жобасын қабылдау мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыруда кезекті қадам болады және оның дербестігін одан әрі арттыруға ықпал етеді. Заң жобасы басқару деңгейлері арасындағы нақты өкілеттіктерін ажырату бойынша жүргізіліп жатқан саясаттың сабақтастығын қамтамасыз етуге бағытталған. Жобаны іске асыру мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы шығындарын талап етпейді әрі теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар