Мемлекеттік басқару академиясында тек Астананың шенеуніктері ғана оқи ма

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің бүгінгі кеңейтілген мәжілісінде Президент Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков Мемлекеттік басқару академиясында білім беру мәселесін көтерді. Оның айтуынша, бүгінде аталған оқу орнында білім алып жүргендердің басым бөлігі - астаналықтар, ал жергілікті басқару бойынша аймақтардан келіп оқитындар өте аз, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі кезде академияда дәріс алатындардың ара салмағы дұрыс сақталмайды. Онда оқитындардың 68 пайызы - Астанадан жіберілген шенеуніктер. Ал «Жергілікті басқару» мамандығы бойынша оқуға түскендердің ішінде тек алты аймақтың ғана өкілдері бар. Академия түлектерінің мемлекеттік қызметте қалуы да үлкен мәселе болып тұр. Соңғы он жылдың ішінде ол жерде 1700-ден астам магистр мен доктор даярланды. Алайда, олардың қайсысы қазір мемлекеттік қызметте жұмыс істеп жатыр? Оны ешкім білмейді. Сондықтан академия басшылығы осы мәселені бақылауға алып, түлектерді қайда және қай қызметке орналасып жатқанын қадағалау қажет», - деді Ә.Жақсыбеков.

Өз сөзінде Президент Әкімшілігінің басшысы бірқатар министрліктерде бос орындардың айлап тұратынын жеткізіп, олай жалғаса берсе, ол мемлекеттік органдардың штатын қысқарту қажеттігін айтты. Мәселен, қаржы министрлігінде 970 қызмет орны бос тұрса, Ұлттық экономика министрлігінде - 900-ден астам, ал Ауыл шаруашылығы министрлігінде 280 қызметке адамды әлі қоймаған. Облыстық және аудандық әкімдіктерде де солай болып тұр.

Соңғы жаңалықтар