Мемлекеттік басқару академиясында оқу жылының ашылу салтанаты болып өтті

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 7-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында жаңа 2009-2010 жылғы оқу жылының салтанатты ашылу рәсімі болып өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Естеріңізге сала кетейік, кәсіби мемлекеттік қызметкерлерді даярлайтын Академияда ағымдағы жылғы тыңдаушылар саны 187 адамды құраса, оның 36-сы дипломатия институты, 62-сі мемлекеттік және жергілікті басқару, 65-і - сот институты, 24-і мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебіне қарасты болып отыр. Тоқтала кететін жайт, ағымдағы оқу жылының ерекшелігі Елбасының Жарлығына сәйкес, Академия тарихында алғаш рет Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебі бойынша тыңдаушыларды қабылдаған. Аталған Ұлттық мектептің негізгі миссиясы елімізде басқару элитасын қалыптастыру және мемлекеттік саяси қызметкерлердің кадрлық резервтерін дайындау болып табылады. Ал Академия аясындағы биылғы жылғы қабылдаулар мемлекеттік тапсырыс бойынша жүргізіліп, онда ақылы негізде бір тыңдаушыға жұмсалатын шығын 36 мың долларды құрап отыр.

Оқу жылының салтанатты ашылу барысында Академия ректоры Арын Орсариев Мемлекет басшысының алға қойған міндеттеріне тоқтала келе, бұл бағытта оқу орнының атқаратын қызметі айрықша екендігін атап өтті. «Мемлекеттік басқару Ұлттық мектебінің заңды мұрагері болып табылатын Академия ағымдағы жылы 15 жасқа толғалы отыр. Біздің алға қойған мақсатымыз айқын, ол Мемлекет басшысы жүргізіп отырған мемлекеттік басқару реформасын кадрлық және зияткерлік тұрғыдан қамтамасыз ету», деп атап көрсетті жиын барысында А. Орсариев. Оның айтуынша, Академияның негізгі бәсекелестік басымдығы сапалы білім беруде болып табылады.

Оқу жылының салтанатты ашылуына ҚР Президенті Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің, Сыртқы істер министрлігі мен Жоғарғы Соттың өкілдері және басқалар қатысты.

Соңғы жаңалықтар