Мемлекеттік бағдарламамен үй алу қиын - сенатор

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сенат депутаты, Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Даурен Әділбеков «7-20-25» бағдарламасының баға лимиті халықтың баспана алу мүмкіндігін шектеп жатқанын мәселе етіп көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біріншіден, ипотекалық бағдарламаларға елдің бәрінің қолы жете бермейді. Мемлекеттік бағдарламалардың болғанына қарамастан, халықтың көбі меншік баспана сатып ала алмай отыр. Өйткені жылдық пайыздық мөлшерлеме көкжиегі «Отбасы банк» АҚ-да 3,5-7%-дан басталып, коммерциялық банктерде 19%-да асады. Ал елдегі ипотека портфелінің 35%-дан астамы осы коммерциялық банктерге тиесілі», - деді Сенат депутаты.

Сондай-ақ, ол «7-20-25» бағдарламасы ел ішінде танымал болғанына қарамастан, өзектілігі күн сайын азайып бара жатыр деген дерек келтірді.

«Сарапшылардың пайымынша, бағдарламаның шарттары өзекті болудан қалып барады. Негізгі шектеу – бағдарлама бойынша алуға болатын баспанаға қойылған баға лимиті мен бастапқы нарыққа ғана бағытталуы. Қайталама нарықтан бұл бағдарлама бойынша баспана алуға рұқсат жоқ. Соның әсерінен таңдау аясы тарылып тұр. Сөз арасында айтсақ, ипотеканың қолжетімділігі жөніндегі жаһандық рейтингте Қазақстан 111 елдің ішінде 71 орында тұр», - деді сенатор.


Соңғы жаңалықтар