Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
USD 377.62 EUR 426.03
RUB 5.67 CNY 55.78
Jańalyqtar

Мемлекеттік бағдарламалар: Үкімет 2017 жылғы жұмыс қорытындысын жариялады

2018 жылғы 21 маусым 15:02 796
Бөлісіңіз:
Мемлекеттік бағдарламалар: Үкімет 2017 жылғы жұмыс қорытындысын жариялады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл 15 маусымда ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысы өтті, онда Үкіметтің 2017 жылғы республикалық бюджетті атқаруы туралы есебі қабылданды. Жалпы алғанда, отырыс қатысушылары Үкімет алдына қойылған міндеттерді орындаудың оң көрсеткіштерін атап өтті - бюджеттің шығыс бөлігінің жүз пайызға жуығы игерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Цифрлармен айтқанда, есепті кезеңде Қазақстанның даму қарқыны төмендегідей деңгейде. 2017 жылы экономика өсімі 4%-ті құрады. ЖІӨ-нің тұрақты өсіміне сыртқы факторлардан басқа, өнеркәсіптің 7,1%-ке және қызмет көрсету саласының 2,7 %-ке өсуі ықпал етті. Бюджеттің кірістері 9,7 трлн теңгеге жетті. Оның 48%-і трансферттерге келеді, шығыстарға тоқталып өтсек, олар 99,8%-ке атқарылып, 11,156 трлн теңгеге игерілді.

Мемлекет басшысы белгілеген міндеттерді іске асыруға бірқатар қабылданған заңнамалық өзгерістер ықпал етті. Мәселен, 2017 жылдың қорытындысы бойынша 93 заң, ал осы жылдың бес айында - 25 заң қабылданды. Оның ішінде негізгілері - Салық және Кеден кодекстері, кәсіпкерлік қызметтерді реттеу туралы заңдар. Салық реформасы 2018 жылы бюджет түсімін 90 млрд теңгеге, ал үш жылдық бюджетте 300 млрд теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік береді деп болжанған.

Үкіметтің жұмысы Елбасының «Қазақстан 2050» стратегиясы мен «5 институционалдық реформаны іске асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарында айқындалған тапсырмаларды сөзсіз іске асыруға бағытталған. «Үшінші жаңғыртуды», Төртінші өнеркәсіптік революция туралы Жолдауды, «Рухани Жаңғыру» адам капиталын жаңғыртудың кешенді жоспарын, қазақстандықтардың өмір сапасын жақсарту үшін «Бес әлеуметтік бастаманың» жаңа пакетін іске асыру бойынша кең ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

2017 жылдың қорытындысы бойынша экономикалық өсім қамтамасыз етіліп, осы жылдың бес айы да осы қарқынды ұстап келеді - қаңтар-мамыр аралығында Қазақстан экономикасы 3,9% өсті.

  • Негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 25,3%-ке өсті;
  • Өнеркəсіп өндірісінің көлемі 5,4%-ке ұлғайды (өнеркәсіптік өсімге табиғи газ, шикі мұнай, қағаз жəне қағаз өнімдерін, темекі өнімдері мен химия өнеркəсібінің өндірісі айтарлықтай ықпал етті);
  • Тау-кен өндіру өнеркәсібінде және карьерлерді игеруде өндіріс 5,6%-ке ұлғайды;
  • Өңдеу өнеркәсібі 5,5%-ке ұлғайды;
  • Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің өсуі 3,9%-ті құрады;
  • Көлік қызметтерінің көлемі 4,8%-ке өсті;
  • Жүк тасымалы көлемі 5,5%-ке, жолаушыларды тасымалдау 1,6%-ке өсті.
  • Байланыс қызметтерінің көлемі 6,4%-ке өсті.
  • Бөлшек және көтерме сауда көлемі 5,8%-ке артты.

2017 жылдың қорытындысы бойынша сыртқы тауар айналымы $77,6 млрд жетіп, ол 2016 жылмен салыстырғанда 25% жоғары болды ($62,1 млрд). Осы жылдың бірінші тоқсанында да тауар айналымы 24,3% өсіп, $21 млрд құрады, оның ішінде экспорттың өсімі 27% болды. Бүгінде Қазақстан өнімдері әлемнің 123 елінің нарығына жеткізілуде.

Айта кету керек, Үкімет институционалдық және құрылымдық реформаларды жүргізу бойынша Президент айқындаған бағыттарды жүзеге асыруда нақты шаралар қабылдап жатыр.

«100 нақты қадам» Ұлт жоспары

«Бес институционалдық реформаны іске асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспары жүзеге асырыла бастағаннан бері 55 қадам орындалды.

Бірінші реформа - кәсіби мемлекеттік аппарат құру. Мемлекеттік қызметтік мансаптық үлгісіне көшу қызметкерлерге құзыреттілігі бойынша жоғарлауға тең мүмкіндіктер берді. Мемлекеттік қызметкерлер кешенді аттестациядан өтті. Нәтижелер бойынша еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін апробациялау басталды. Мұның барлығы халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы мен құзыреттіліктерінің өсуі үшін жағдайлар тудырады.

Екінші реформа - заңның үстемдігін қамтамасыз ету. Сот төрелігінің үш сатылы жүйесіне көшуі азаматтар мен бизнестің құқықтарының уақытылы қорғалуын қамтамасыз етеді. Судьялар корпусына талаптар сапасы артты, олардың есеп беру тәртібі күшейтілді. Инвестициялық даулар бойынша сот өндірісі, АХҚО халықаралық арбитраж орталығы құрылды. Жергілікті полиция қызметі мен азаматтардың полиция қызметкерлерінің іс-әрекетіне шағымын қарастыру бойынша қоғамдық кеңестер құрылды.

Үкіметтің іс-қимылының басты бағыты - одан әрі индустрияландыру мен тұрақты өсімді қамтамасыз етуге бағытталған үшінші реформаны іске асыру.

300 ірі салық төлеуші үшін электронды шот-фактураларды міндетті түрде беру енгізілді, 2019 жылдан бастап ол барлық қосымша құн салығын төлеушілер үшін енгізіледі.

Экономиканың басымдықты секторларында трансұлттық корпорациялардың қатысуымен сегіз жоба іске асырылды.

Көлік инфрақұрылымын кеңейту және дамыту үшін «Нұрлы жол» жаңа темір жол вокзалы ашылды, халықаралық қаржы орталықтары арасында әуе қатынасы іске қосылды (Астанадан Франкфуртқа, Лондонға, Дубайға, Сеулге, Пекин мен Париж, Стамбулға тікелей рейстер орындалуда).

28 халықаралық бағытта жиілігі мол теміржол контейнері желілері ашылды, бұл Қазақстанның транзиттік әлеуетін және еліміздің әлемдік көлік-коммуникациялық ағымға кірігуін күшейтеді. Ақтау теңіз порты және Құрық теңіз портының бірінші фазасы жаңғыртылды. Биыл Құрық портын жаңғыртудың екінші фазасы аяқталғаннан кейін олардың өткізу қуаттылықтары 26 млн теңгеге дейін ұлғаяды.

2036 жылға дейін Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы (ҮАААЖ) жобасын іске асыру бойынша инвесторлармен келісімшарт жасалды. 1 сәуірде электронды декларациялау жүйесін дамыту мақсатында «Астана-1» ақпараттық жүйесі тәжірибелік пайдалану үшін енгізілді. Ресми ашылуы 2018 жылдың 1 шілдесіне жоспарланған Астана халықаралық қаржы орталығы ТМД елдері мен бүкіл Батыс және Орталық Азия аймағы үшін қаржылық хабқа айналады.  

Төртінші реформаны іске асырудың басты мақсаты - біртектілік пен бірлік - қазақстандық біртектілікті нығайту және азаматтық қоғамның бүтіндігін қалыптастыру.

Бұл жұмыс туристік саланы дамытумен, бірінші кезекте Астанадағы, Алматыдағы, Шығыс Қазақстан облысындағы, Каспий маңы аймағындағы және елдің оңтүстігіндегі мәдени-туристік кластерге сүйенумен ішкі туризмді дамытумен байланысты.

Негізгі жұмыс институционалдық тұрғыдан нығайтылған Қазақстан халқы Ассамблеясының аясында жүргізіледі. Жастарға арналған жаңа әлеуметтік сатылар құрылды. Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын ілгерілету бойынша жұмыстар жолға қойылды. Аталған бағыт бойынша қадамдарды әрі қарай іске асыру «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатыр.

Бесінші реформа - есеп беретін мемлекетті қалыптастыру. Мемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығы мен есеп беруі күшейтілді. Қоғамдық кеңестер мен халық алдындағы жыл сайынғы есептер институты құрылды. Тиімділік аудитіне қайта бағдарланумен бюджет қаражатын пайдалануды бақылаудың жаңа үлгісі, сонымен қатар мемлекеттік органдар қызметін бағалаудың жаңа жүйесі енгізілді. «Ашық үкімет» енгізілді. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетеді. Корпорация жұмыс істеген екі жыл ішінде 64 млн қызмет көрсетілді.

Аталған қадамдардың барлығы экономиканың жаңа моделін құру және оның ұзақ мерзімді кезеңде тұрақты дамуы үшін аса маңызды. Олар 2018 жылы экономиканың өсуіне ықпал етеді. Есепті кезеңде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының қадамдарын іске асырудың негізгі қорытындылары осындай.

Индустриалдық-инновациялық даму 

Индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасының екінші кезеңі белсенді іске асырылып жатыр. Үкімет басымдықты және бәсекеге аса қабілетті секторларға баса назар аударуда.

Негізгі салаларды техникалық тұрғыдан қайта жарақтандыру шаралары әзірленіп, экономиканың перспективалы секторларын дамыту үшін жағдайлар жасалды. 2017 жылы Индустрияландыру картасы аясында 1,5 трлн теңгеден астам сомаға 120 жоба іске қосылып, 10 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.

Экономиканы цифрландыру

Елбасы тапсырмасына сәйкес, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында экономика мен қоғамдық өмірді жаппай цифрлық трансформациялау бойынша жұмыстар басталды.

  • Негізгі салаларды технологиялық тұрғыдан қайта жарақтандыру шаралары әзірленді, бұл цифрлық технологияларға көшудің негізіне айналуы тиіс.
  • 500-ден астам кәсіпорынның Индустрия 4.0 элементтерін енгізуге әзірлігі бағаланды.
  • 2017 жылы барлық мектептер толығымен цифрлық білім беру ресурстарына қосылды. Онда 40 мың бейнедәрістер мен интерактивті сабақтар қамтылған.
  • «Ақылды қалаларды» дамыту тұжырымдамасы бекітілді, оның негізінде 2018 жылдың соңына дейін әрбір өңірде пилоттық жобалар іске асырылатын болады.
  • Бүгінгі таңда электронды коммерцияда қазірдің өзінде шамамен 1700-ге жуық компания жұмыс істейді, 6871,6 мың адам жұмыспен қамтылған.
  • Жыл басынан бері 107 121 жаңа электронды сауда субъектісі тіркелді. Алдын-ала деректер бойынша биылғы жылдың 5 айының ішінде 40 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды.
  • Аталған іс-шара жыл соңына дейін еліміздің барлық өңірлерінде 155 жаңа интернет дүкен ашуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Цифрландырудың арқасында, ауруларды бастапқы кезеңінде анықтау мүмкіндігі артты. Мысалы, 40%, туберкулез ауруы 10% өкпе қатерлі ісігі ерте анықталатын болды. «Жанды» кезекке тұру 45% азайды. Жоспарланып отырған мемлекеттік қызметтердің 450 түрін электронды форматқа көшіру 2021 жылға қарай 13 млрд теңгеге жуық қаражатты үнемдеп, ел азаматтарына жыл сайын берілетін 40 миллионнан астам қағаз түріндегі анықтамаларды қысқартуға мүмкіндік береді.

Әкімдіктерде тұрғын үй кезегі бойынша көрсетілетін қызметтерді автоматтандыру үшін жүргізілген жұмыстар қайталанулар, баспанасының болуы және басқа да факторларды жою арқылы кезекті 460 мың адамнан 219 мыңға дейін, яғни екі еседен астамға қысқартуға мүмкіндік берді.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының қосылған құны жоғары өнім жасап, экономикадағы шығындарды азайтудағы әлеуеті зор. Бұл ЖІӨ өсімі үшін қосымша серпін тудыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік бағдарламаны іске асырудан тікелей тиімділік 2025 жылы қосымша 1,7-2,5 трлн теңге көлеміндегі қосылған құн жасауға жол ашады.

Инвестициялар тарту және өнім өткізу нарығын көбейту

Тартылатын шетелдік инвестициялар көлемі жағынан Қазақстан аймақтағы теңдесі жоқ көшбасшы. Орталық Азияға тартылатын шетелдік инвестициялардың 70% Қазақстанның үлесіне тиеді. Мемлекет басшысының Қытаймен, Ресеймен, АҚШ-пен, Жапониямен, Оңтүстік Кореямен, Иранмен, Түркиямен және басқа да елдермен өндірістік қуаттылықтарды дамыту бойынша жалпы сомасы $50 млрд жуық болатын келісімдерінің іске асырылуы Үкіметтің бақылауында.

Инвесторлармен жұмыс инвестициялар жөніндегі ұлттық компания «Кazakh Invest» арқылы шетелдік өкілдіктер мен аймақтық филиалдар желісімен «Бір терезе» қағидаты бойынша жаңа форматта құрылған. 2017 жылы Ұлттық инвестициялық стратегия қабылданды. Біз экономиканың шикізаттық емес секторларына инвестициялар тартуға баса назар аударамыз. Өткен жылдың қорытындысы бойынша тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны $20,8 млрд құрады. Шетелдік инвестициялардың 25% өңдеу өнеркәсібіне бағытталуда. Соның ішінде, шикізаттық емес секторларға - 50% жуығы бағытталады.

Инвестициялық капиталды тартуда трансұлттық корпорациялардың рөлі жоғары. 2015-2017 жылдары $292 млн сегіз жоба іске асырылды. $8 млрд сомасына 16 ТҰК жобасы пысықталу үстінде. Экономиканың басымдықты салаларында бірлескен кәсіпорындар құру үшін «зәкірлі инвесторлармен» $1,3 млрд сомасына 7 жоба жүзеге асырылып жатыр. «Зәкірлі» инвесторлармен $13,2 млрд сомасына 15 жоба бойынша белсенді жұмыс жүріп жатыр.

Осы жылдың 4 айының ішінде ірі инвесторлармен 42 жаңа жобаны іске асыру бойынша келісімдерге қол жеткізілді, оның ішінде 10 ТҰК, Қытай, Түркия, АҚШ, БАӘ, Ұлыбритания, ЕО елдері және басқа да елдер бар. 2018 жылы барлығы $3,9 млрд сомасына 54 жоба аяқталады. Құны $6,8 млрд болатын 63 жобаның құрылысы басталды.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы
Бағдарлама аясында жаппай көлік, индустриялық және әлеуметтік инфрақұрылымдарды салудың арқасында жыл сайын ең кемі 100 мың жұмыс орны құрылады. Жұмыс үш басты бағыт бойынша жүруде.

Бірінші - автомобиль жолдары. 2017 жылы 4,4 мың шақырым автожолдың құрылысы мен қайта жөндеу жұмыстары жалғасты, оның ішінде 22 автожол жобаларында 600 шақырым жол пайдалануға берілді. 2018 жылы 500 шақырымнан астам автожол салынып бітеді. «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауына орай жергілікті жолдарды дамытуға ерекше көңіл бөлінетін болады. Оларды қаржыландыру көлемі 150 млрд теңгеге дейін ұлғайтылады, бұл қалалар мен ауылдардағы өмір сүру сапасын жақсартады.

Екінші - теміржол және авиациялық инфрақұрылым жаңғыртылып, кеңейтілді. 6 жыл ішінде 1376 шақырым темір жол салынып, Парсы шығанағын, Оңтүстік-Шығыс Азия мен Қытайды қоса алғанда, жаңа өткізу нарықтарына тауарларды өткізу мүмкіндігі мен тасымалдау жылдамдығы арттырылды. Көптеген әуежайлар мен жолаушылар терминалдарының ұшу-қону жолағы қайта жөнделді. Жалпы ұзындығы 112 шақырым болатын «Алматы - Шу» учаскесіндегі екінші жолдың құрылысы да еліміздің транзиттік әлеуетін ұлғайтуға септігін тигізеді. Астанада тәулігіне 35 мың жолаушыға қызмет көрсете алатын жаңа «Нұрлы Жол» теміржол вокзалы кешенінің құрылысы мен 2017 жылы 4,1 млн адамға қызмет көрсеткен Астана халықаралық әуежайының жолаушылар терминалын қайта жөндеу жұмыстары аяқталды.

Үшінші - Орталық Еуразиядағы көлік-логистикалық хаб ретінде еліміздің транзиттік әлеуеті. «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» халықаралық дәлізінің 2787 шақырымға созылатын қазақстандық бөлігінің құрылысы толық аяқталды. Магистраль 5 облыстың жалпы саны 5,5 млн жуық адам тұратын 240 астам елді мекенін қамтиды және қазірдің өзінде экономиканың дамуы үшін өз нәтижелерін беріп отыр.

Мәселен, өңірлер арасындағы жүк айналымы 2,5 есеге (12-ден 30 млн тоннаға дейін), транзиттік көлік тасымалы - 3 есеге (350 мың тоннадан 1 млн т дейін) артқан. 47 жаңа өндіріс құрылып, жұмыс істеп тұрған 8-і кеңейтілді. Автокөліктердің орташа қозғалыс жылдамдығы 3 есеге артты. Маңызды әлеуметтік тиімділікке - жол-көлік оқиғаларынан өлім-жітімді 30% төмендетуге қол жеткізілді. Жобаның орташа жылдық тиімділігі 180 млрд теңгеге жуық және ол жыл сайын арта беретін болады.

Еліміздің Шығысы мен Батысында жаңа логистикалық хабтар, сонымен қатар Ляньюньган теңіз портында бірлескен қазақстандық-қытайлық логистикалық терминал салынды. Түркия мен Грузия арасында «Карс - Ахалкалаки» теміржол учаскесі құрылысының аяқталуын есепке алумен бірге Транскаспий халықаралық көлік бағытын жүк ағымымен толықтыру бойынша жұмыстар басталды. Нәтижесінде транзиттік жүктер көлемі 25%-ке, 18,1 млн тоннаға дейін өсті. Табысы жоғары транзиттік контейнерлік тасымалдар көлемі жыл сайын артып келеді және өткен жылы ол 347,5 мың контейнерді құрады. Транзиттік тасымалдардан түскен табыс 353 млрд теңге болды.

Инженерлік желілерді жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Есептік кезеңде 765 шақырым инженерлік желі жаңғыртылды және салынды, жоспардағысы - 700 шақырым. Желілердің тозуы 63%-тен 60%-ке төмендеді.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы

2017 жылы қазақстандықтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бастау алды. Жыл қорытындысы бойынша рекордтық 11,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2016 жылғы деңгейден 6,2% артық. 100,8 мыңнан астам отбасы, оның ішінде мемлекеттік инвестициялар есебінен 25,2 мың отбасы өздерінің баспана жағдайларын жақсартты. Жалпы 2017 жылы аталған салаға инвестициялар 2016 жылмен салыстырғанда 18% артқан ( 830 млрд теңгеден 979,8 млрд теңгеге дейін).

2018 жылы Бағдарлама аясында мемлекеттік инвестициялар есебінен 1,5 млн шаршы метр жаңа тұрғын үйді пайдалануға беруді қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Қазір тұрғын үй құрылысында мемлекеттік емес қаражат басым - олардың үлесі 84%. 1 бюджет теңгесіне шаққанда 5,4 теңге жеке инвестиция тартылған. Жаппай тұрғын үй құрылысын жүргізу құрылыс индустриясына мультипликативті әсерін тигізді. Құрылыс материалдарын өндіру көлемі 440 млрд теңгеден асты.

Агроөнеркәсіп кешені

2017 жылдың басында қабылданған АӨК дамытудың мемлекеттік бағдарламасы экономиканың жаңа драйвері ретінде саланы серпінді әрі кешенді дамытуға бағытталған.

Өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілді. 65 субсидия түрі қайта қаралып, тиімсіз 11-і алынып тасталды, 40 түрі бойынша критерийлер өзгертілді.

  • Қажеттілігі мол дақылдық алқаптар 694 мың га кеңейтілді.
  • Егістіктердегі элиталық тұқымдар үлесі 1,5 есеге артты.
  • Минерал тыңайтқыштарды пайдалану ⅓ өсті (10%-тен 14%-ке дейін).
  • Астық сапасы 20% жақсарды.
  • Бидайдың қатты сорттарының экспорты 2,5% өсті.
  • Негізгі мал түрлерінің басы орта есеппен - 5%, ет өндірісі - 5,9%, сүт өндіру - 3% артты;
  • Ауыл шаруашылығы өнімдері мен оны өңдеу өнімдерінің экспорты 10% артты (2017 ж. 11 айдың ішінде).
  • Жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерінің өсімі - 2,9% құрады
  • азық-түлік өнімдерінің өсімі - 4,1% құрады
  •  негізгі капиталға инвестициялар 29,3% артты
  • 5 жыл ішінде еңбек өнімділігі мен өңделген өнім экспортының көлемін 2,5 есе артты.

Бұдан өзге, 2017 жылы Қазақстан аусылдан таза аймақ ретінде танылды, бұл біздің мал шаруашылығы өнімдерімізді жаңа нарықтарға шығаруға жол ашады.

Президенттің Қытай, Өзбекстан, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Иран елдерінің көшбасшыларымен жеке келісімге келуінің арқасында, аталған елдердің нарықтары қазақстандық өнім экспорты, ең алдымен мал шаруашылығы өнімдері экспорты үшін ашылды. Бүгінгі таңда Қытайға экспорттау үшін ауыл шаруашылығы өнімдерінің 11 түрі бойынша талаптар келісілген.

Кәсіпкерлікті дамыту

Бизнес ахуалының жоспарлы түрде жақсаруы, шешуші қайта реттеу және жеке кәсіпкерлікті қолдау өз нәтижелерін беруде:

  • 2017 ж. қорытындысы бойынша ЖІӨ-дегі ШОБ үлесі 25,8%-ке дейін өсті.
  • 2017 ж. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыру барысында 3,5 трлн теңгеге өнім шығарылып, 15,1 мың жаңа жұмыс орны ашылды, 217 240,7 млрд теңге салық төленді.
  • 2017 ж. 146 млрд теңгеге 160 келісімшарт жасалды.
  • 2017 ж. ШОБ өнімдерінің шығарылуы 29%-ке ұлғайды.
  • Жыл қорытындысы бойынша экономикадағы ШОБ үлесі 26,8 25,6% құрады.
  • 2017 ж. Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасына 570 мыңнан астам адам қатысты, олардың 315 мыңы тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды, соның ішінде 136-сы - жаңа жұмыс орындарына орналасты.
  • 7,2 мың адам жеңілдікті несиелер алды, оның ішінде 4,1 мың адам алғаш рет өз бизнесін ашты. 15 мың адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды.

Биыл 730 мың адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамтылады, 2017 жылы 600 мың адам қамтылған еді. 1 маусымдағы жағдай бойынша барлығы 214 мың адам, оның ішінде 163 116 мың жұмыссыз және 1921 мың өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар тартылды. Әкімдіктермен бірлесе отырып, өзін-өзі жұмыспен қамтыған және бейресми жұмыспен айналысатын азаматтарды формализациялау бойынша жол картасы іске асырылып жатыр. Жыл басынан бері бұған дейін деректер базасында статусы болмаған 800 мың адамның мәліметтері жаңартылды. Халықаралық еңбек ұйымы стандарттарына сәйкес жұмыспен қамтылған және өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты бірыңғай анықтау, қызметті тіркеу мен заңдастырудың жеңілдетілген тетігін енгізу қарастырылған.

Өңірлік даму

Кенттену деңгейінің артуын ескере отырып, қалалардың инфрақұрылымдық дайындығын қамтамасыз ету мақсатында Үкімет төрт агломерацияның (Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе) аумақтық дамуының өңіраралық схемаларын қабылдады.

Тірек ауылдық елді мекендерді өмір сүруге қолайлы жағдайлар жасау мақсатында 2017 жылы:

  • инженерлік инфрақұрылымның 82 жобасы,
  • әлеуметтік инфрақұрылымның 114 жобасы,
  • абаттандыру бойынша 493 жоба іске асырылды.

«Дипломмен ауылға!» жобасы аясында 2015-2017 жылдары білім беру, денсаулық сақтау, АӨК және т.б. салалардағы шамамен 10 мың маманға 28,4 млрд теңгеге қолдау көрсетілді. Өңірлерді дамыту бағдарламасы белсенді түрде іске асырылып жатыр, оған 2015-2017 жылдары 1,2 трлн теңге бөлінді.

2017 жылдың елеулі нәтижелерінің бірі қалаларда 94% дейін, ауылдарда - 57% дейін орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділіктің артуы болды. Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында 2017 жылы 297 жоба іске асырылды (120,8 млрд теңге сомасына сумен жабдықтау, жылумен жабдықтау, су тарту, елді мекендерді абаттандыру, инженерлік инфрақұрылым мен моноқалаларды дамыту жобалары).

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жыл сайын барлық қаржы көздерінен 100 млрд теңгеден кем емес қаражат бөлу арқылы ауылдық сумен жабдықтауды (барлық ауылдарда) дамыту жөнінде қосымша шаралар қабылданып жатыр.

«Рухани жаңғыру»

Мемлекеттік тілдің латын қарпіне көшуін қамтамасыз ету үшін Мемлекет басшысы латын графикасындағы қазақ тілі әліпбиін бекітті. «Жаңа гуманитарлық білім. 100 жаңа оқулық» жобасы аясында әлеуметтік-экономикалық және гуманитарлық білім саласындағы әлемдегі үздік 17 оқулық қазақ тіліне аударылып, цифрландырылды.

«Туған жер» жобасы бойынша «Әлеуметтік бастамалар картасы» интерактивті платформасы іске қосылды, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша жалпыұлттық маңызы бар нысандар бойынша 3D турлары бар киелі нысандардың виртуалды картасы әзірленді.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасын іске асыру аясында жалпыхалықтық онлайн дауыс беру 102 жеңімпазды анықтады. Дауыс беруге барлығы 340 мың қазақстандық қатысты.

«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы бойынша Қазақстанның тәуелсіздігі жылдарында қалыптасқан қазақстандық мәдениет туындылары жинақталып, жүйеге келтірілді.

Білім беру

Білім беру саласында барлық деңгейлерде - мектепке дейінгі білімнен жоғары білімге дейін жүйелі реформалар жүргізіліп жатыр.

Бірінші. Білім беру инфрақұрылымын дамытуды, жүйенің кадрлық әлеуетін жақсартуды, экономика салаларын білікті кадрлармен қамтамасыз етуді, еліміздің ғылыми әлеуетін арттыруды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Мектепке дейінгі білім берумен қамту айтарлықтай ұлғайды. Бүгінгі таңда 3-6 жас аралығындағы балалардың шамамен 91%-ы балабақшаларға барады. Бұған, бірінші кезекте, жекеменшік балабақшалар үлесінің 49%-ке артуы, оның ішінде МЖӘ аясында артуы ықпал етті. 2017 жылдың өзінде 849 мектепке дейінгі ұйым ашылды, олардың 717-і - жекеменшік, 46-сы - МЖӘ есебінен ашылған. 

МЖӘ арқылы жекеменшік мектепке дейінгі мекемелердің құрылысының арқасында Қазақстан 137 ел арасында бастауыш білім беруді қамту бойынша 4 орынды иеленді. МЖӘ тетігі жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу үдерісімен кеңейтілетін болады, биыл Астанада пилоттық жоба басталады.

Екінші. Үштілділік және ағылшын тілін ауқымды түрде оқыту саясаты жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Білім берудің жаңартылған мазмұнына көшіру бойынша кезең-кезеңімен жұмыстар атқарылып жатыр. 2017 жылы 1, 2, 5, 7 сыныптар жаңа мазмұнға көшірілді. Жан басына қаржыландыру жүйесін енгізу аясында осы жылдың қыркүйегінен бастап пилоттық жобаға Астананың 74 мектебі кіреді (қазіргі таңда пилоттық жобаға 43 мектеп, оның ішінде Астанада - 5 мектеп қатысуда). 2020 жылы қалалық мектептерде қаржыландырудың жаңа моделін толық көлемде жүзеге асыру көзделген.

Білім мен ғылымның бірігуі Қазақстанның 8 ЖОО-ның QS халықаралық рейтингіне кіруге мүмкіндік берді. Осы жылдың қаңтар айынан бастап жаңартылған мазмұн бойынша білім беретін мұғалімдер жалақыларына қосымша 30% үстеме ақы ала бастады, жыл соңына дейін 200 мыңнан астам мұғалім көтерілген жалақы алатын болады. Орта мерзімді келешекте үш тілде оқытуды енгізу, жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру, ЖОО-лардың дербестігін кеңейту және Мемлекет басшысының басқа да міндеттерін орындау бойынша дайындық жұмыстары жалғасады.

Үшінші. Техникалық және кәсіптік білім беруге баса мән берілуде. Жұмыс берушілердің сұранымдарының 95%-дан астамы төменгі және орта біліктілік мамандықтарына келеді.

2017 жылдан бері техникалық-кәсіптік білім беру (ТКББ) жүйесінде техникалық, ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша, сондай-ақ сервис және қызмет көрсету кәсіптері бойынша мамандарды тегін оқыту басталды. Жұмысшы біліктіліктері бойынша 250-ден астам жаңа модульдік бағдарламалар дайындалды. 500 шетелдік оқу әдебиеттері аударылды. Жыл сайын жоба аясында 100 мың студент қамтылады.

Денсаулық сақтау

2015 жылы Үкімет міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) енгізу бойынша маңызды реформаларды іске асыруды бастады. МӘМС енгізуге дайындық аясында денсаулық сақтау саласын қайта реттеу жұмыстары жүргізілді:

  • Бизнестегі кедергілерді азайту нәтижесінде жеке жеткізушілерден медициналық қызметтерді сатып алу үлесі 2017 жылғы 8-дан 2018 жылы 13%-ға дейін өсті.
  • 2017 жылы денсаулық сақтау саласына салынған инвестициялар көлемі 50%-ке артып, 91,4 млрд теңгені құрады.
  • Жеке инвестициялардың үлесі 2016 жылғы деңгеймен салыстырғанда 90%-ға (23,3-тен 44,2 млрд теңгеге дейін) ұлғайды.
  • 2017 жылы отандық тауар өндірушілермен 873 дәрі-дәрмек түрін жеткізу бойынша 25 ұзақмерзімді келісімшарт жасалды.
  • Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында 2017 жылдың қорытындысы бойынша фармацевтика саласы 42% деңгейінде жоғары өсу қарқынын көрсетті.
  • Қазақстандық дәрі-дәрмек өндірушілері жеткізетін атаулардың саны 2 есеге өсті.
  • Қазақстандықтардың жалпы өмір сүру ұзақтығы артып, шамамен 73 жасқа дейін өсті.
  • Жалпы өлім-жітім - 3%-ке, аналар өлімі - 5,5%-ке, сәбилер өлімі - 7,7%-ке, қатерлі ісіктерді анықтау - 4,8%-ке және туберкулезді анықтау - 11,8%-ке төмендеген.

«Президенттің бес әлеуметтік бастамасы»

Мемлекет басшысы 2018 жылы наурызда Қазақстан халқына жаңа үндеуін жариялады. Үкімет Президент алға қойған міндеттерді іске асыруға кірісті. Осылайша Жол картасы бекітілді, оның аясында 2018 жылы 4 кодекске және 7 заңға өзгерістер енгізілетін болады.

Бірінші бастама - «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру». Биыл 28 мамырда «7-20-25» бағдарламасына арналған тұрғын үйді ипотекалық несиелендіруді дамыту тұжырымдамасын бекітілді. Банктер 2018 жылдың шілде айынан бастап Бағдарламаның шарттары бойынша тікелей жаңа ипотекалық несиелер беруге кіріседі. 2018 жылғы 28 сәуірде Ұлттық Банктің арнайы еншілес ұйымы - «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ құрылды.

Екінші бастама - «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту». Мақсаты - салыстырмалы түрде жалақысы төмен қазақстандықтарды қолдау.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 25 АЕК көлемінен аз жалақы алатындарға салынатын салық жүктемесі 10 есеге төмендейді. Салық заңнамасына тиісті түзетулер әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша заң жобасына енгізілген, оны 23 мамырда Мәжіліс мақұлдап, Парламент Сенатының қарауына жіберілді. Аталған механизм келесі салық мерзімі басталған уақыттан бастап - 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосылады.

Үшінші бастама - «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту».

  • 20 мың жаңа грантты қаржылық қамсыздандыру және олардың құнын арттыру үшін 2018 жылғы 1 қыркүйектен бастап республикалық бюджетті нақтылау кезінде 2018 жылға 5 млрд теңге қарастырылған.
  • 2022 жылға дейін кем дегенде 75 мың орынды қамтамасыз ету мақсатында студенттік жатақханалар құрылысы бойынша тиісті механизм әзірленді. Әрбір ЖОО, колледж инвесторлармен бірлесе отырып жатақханалардың жобалық-сметалық құжаттамасын (ЖСҚ) әзірлеп, білім және ғылым министрлігі жанындағы «Қаржы орталығы» АҚ-мен мемлекеттік тапсырысты орналастыру туралы келісімшарт жасасып, құрылыс салушыларды жалдап, жатақханалар салады. Нысанды пайдалануға бергеннен кейін мемлекеттік тапсырысты орналастыру арқылы инвестицияларды қайтару үшін 8 жыл ішінде тиісті сома аударылады.
  • ЖОО-лар мен колледждер тұрғысынан студенттер жатақханаларының орындарында қажеттіліктің интерактивті картасы әзірленді. Ол барлық қажетті ақпаратты онлайн режимде алу үшін жалпыға ортақ сайттарда жарияланатын болады.

Төртінші бастама - «Шағын несие беруді көбейту» мыңдаған ауыл азаматтарына өз істерін ашуға немесе кеңейтуге мүмкіндік береді.

  • Биыл қосымша бөлінген 20,1 млрд теңгені қоса алғанда, шағын несиелер беруге 62,6 млрд теңге қарастырылады. Оның ішінде ауылдық жерлерде несие беруге - 45,3 млрд теңге, қалаларда беруге - 17,3 млрд теңге бөлінеді. Аталған бастаманы тиімді іске асыру үшін Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
  • Шағын несиелердің мөлшерлері сараланған түрде анықталады. Мәселен, ауылдық жерлерде жүзеге асырылатын жобалар бойынша шағын несие мөлшері 6 млн теңгеге дейін, зәкірлік кооперациялар үшін - 12 млн теңге, ал қалалар мен моноқалаларда - 15,6-дан 19,2 млн теңгеге дейінгі аралықта болады. «Атамекен» ҰКП бастамашы болған «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздері бойынша оқытуды аяқтаған Бағдарламаға қатысушыларға шағын несиелер алуда басымдық беріледі.

Жалпы алғанда, қабылданған шаралар 14 мың адамды шағын несиемен қамтуға мүмкіндік береді, оның ішінде ауылдық жерлерде - 11 мың адамды, қалаларда - 3 мың адам (2017 жылы жоспарда 5800 кезінде 7 227 шағын несие берілді) қамтылады.

Бесінші бастама - «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» экологияны және азаматтардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға мүмкіндік береді. Барлық дайындық жұмыстары аяқталды және осы жылдың шілде айының басында «Сарыарқа» газ құбырының І кезеңінің құрылысын бастау жоспарланып отыр.

Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне мемлекеттік сараптаманың оң бағасы берілді. Ұзындығы 1081 шақырым болатын «Қызылорда - Жезқазған - Қарағанды - Теміртау - Астана» бағыты бойынша жобаның бірінші кезеңі 267,3 млрд теңгені құрайды. Ақмола, Қызылорда және Қарағанды облыстарының әкімдіктері жоспарланған газ құбыры бағыты бойынша жер телімдерін бөлу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда Жобаның бірінші кезеңін қаржыландырудың схемасы мен шарттары әзірленген.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
MURAǴAT