Мемлекеттік аудит 80 млрд теңгеге тең қаржылық бұзушылықтарды анықтады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері 5,3 трлн теңгеге 328,5 мың мемлекеттік сатып алу рәсімі тексерілді. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы 5 айда 5,3 трлн теңгеден астам сомаға 328,5 мың мемлекеттік сатып алу рәсімі камералдық бақылаумен қамтылды. Тексеру қорытындылары бойынша 26 145 рәсімнің бұзылғаны анықталды, оның ішінде мемлекеттік аудит объектілері бұзуларды жою туралы хабарламалардың 93%-ын орындады», - деді Қаржы министрі Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Спикердің айтуынша, 957 аудиторлық іс-шара өткізілді. Шамамен 1,9 трлн теңге бюджет қаражаты аудитпен қамтылды.

«Осылайша 80 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды. Тауарларды жеткізу, қызметтерді көрсету және жұмыстарды орындау, бюджетке өтеу және есепке алу жолымен 71 млрд теңгенің бұзушылықтары жойылды. Аудит объектілері қызметін жетілдіру және тиімділігін арттыру үшін 817 ұсыным берілді», - деді Ерұлан Жамаубаев.

Бұған дейін Қаржы министрі мемлекеттік бюджетке 6 трлн 554 млрд теңге кіріс түскенін, бюджет кірістері жоспардан 41 млрд теңгеге асыра орындалғанын айтқан еді.

Жыл басынан бері бюджеттің 65 млрд теңгесі атқарылмаған, оның ішінде 7 млрд теңге үнемделсе, 58 млрд теңге игерілмей қалған.


Соңғы жаңалықтар