Мемлекеттік аудит 4,5 млрд теңгені игеруде кеткен кемшіліктерді анықтады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қаңтар-ақпан айларында 169 млрд теңге бюджет қаражаты аудитпен қамтылып, 4,5 млрд теңгеге жуық қаржылық бұзушылықтар анықталған. Бұл туралы ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы 2 айда 3,4 трлн теңге сомасына 135,5 мыңға жуық мемлекеттік сатып алу рәсімі камералдық бақылаумен қамтылды. Тексеру қорытындысы бойынша 13 943 рәсімде бұзушылықтар анықталды, оның ішінде мемлекеттік аудит объектілері бұзушылықтарды жою туралы хабарламалардың 85%-ін орындады, 332 аудиторлық іс-шара өткізілді», - деді Е. Жамаубаев Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Министрдің айтуынша, шамамен 169 млрд теңге бюджет қаражаты аудитпен қамтылып, 4,5 млрд теңгеге жуық қаржылық бұзушылықтар анықталған.

«Тауар жеткізу, қызмет көрсету және жұмысты орындау, бюджетке өтеу және есепте көрсету жолымен 1,2 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды. Аудит объектілері қызметін жетілдіру және тиімділігін арттыру үшін 332 ұсыным берілді», - деді Ерұлан Жамаубаев.

Бұған дейін Қаржы министрі қаңтар-ақпан айларында мемлекеттік бюджетке 3,4 трлн теңге түскенін, бюджеттің 101 млрд теңгесі игерілмей қалғанын айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар