Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыруға қандай өзгерістер енгізілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ бас директоры Алмас Құрманов міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамаға енгізілген өзгерістер мен 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік төлемдердің қаншалықты артқанын түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өткен жылдың соңында ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев түзетілген «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» ҚР Заңына қол қойды. 2020 жылдың 1 қаңтарында бұл заң күшіне енді. Алмас Құрманов осы заңда қазақстандықтар үшін қандай өзгерістер қарастырылғанын айтып берді.

«Заң ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа жолдауы бойынша, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер мөлшері мен еңбек өтілі арасындағы байланысты нығайту үшін жасалған. Міндетті әлеуметтік сақтандыру – жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғаудың қосымша түрі ретінде 2005 жылдан бастап енгізілді. Осы 15 жылда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі - МӘСҚ) әлеуметтік төлемдерді тағайындау параметрлері тұжырымдамалық тұрғыда қайта қарастырылмаған еді», - деді А. Құрманов.

Оның айтуынша, 5 жыл және 10 жыл өтілі бар әлеуметтік төлем алушылар бірдей төлемақы алатын. Ал 2020 жылдан бастап, азаматтардың әлеуметтік төлем мөлшерін анықтауда 5 жылдан кейін жүйеге қатысу өтілінің коэффициенті 2%-ға артып отырады. Мүгедектерді әлеуметтік қорғау деңгейін көтеру мақсатында еңбек ету қабілеттілігінен айырылғаны үшін тағайындалатын әлеуметтік төлемдердің мөлшері медициналық-әлеуметтік сараптама нақтылайтын жалпы еңбек қабілетінен айырылу денгейіне сәйкес анықталатын болды.

«Бұған дейін орташа коэффиценттер ғана қолданылатын. Мәселен, 95% еңбек қабілетінен айырылу дәрежесі үшін 0,7 коэффициенті қолданылса, енді жаңа есеппен 0,95 болады. Мысалы, орташа айлық табысы 150 мың теңге болған, жүйеге 10 жыл қатысқан өтілі бар және жалпы еңбек ету қабілетінен 95% айырылған жұмыскер үшін төлемақы жаңа параметрлерді ескере отырып, 53 183 теңгеден 79 394 теңгеге дейін өсті (өсім 49,3%). Сонымен бірге, бұл жұмыскер мүгедектігі бойынша бюджет қаражаты есебінен 1-топтағы мүгедектік үшін белгіленген 59 872 теңге алады, сәйкесінше жүйеге қатысушы үшін жалпы 139 266 теңге төленеді», - деді қор басшысы.

Осылайша, жұмыс істеген және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болған адам екі жерден (бюджеттен және МӘСҚ) төлем алады, ал жұмыс істемеген адам тек бюджеттен ғана жәрдемақы алады. Асыраушысынан айырылған отбасылардың әлеуметтік қорғалуын арттыру үшінз көмек алушылар санының коэффиценті көбейді:

1) асырауда бір адам болса 0,4 -тен 0,5-ке дейін;

2) асырауда екі адам болса 0,5-тен 0,65-ке дейін;

3) асырауда үш адам болса 0,6 -дан 0,8-ге дейін;

4) асырауда төрт және одан да көп адам болса 0,8-ден - 1,0-ге дейін.

«Жалпы алғанда, әрбір коэффициент бұрынғы көлемнен 25% артты. Мысалы, орташа айлық табысы 150 мың теңге болған және 10 жыл жүйеге қатысқан асыраушы қайтыс болған жағдайда, оның үш баласына төленетін әлеуметтік төлемнің мөлшері 45 585 теңгеден 66 858 теңгеге дейін (46,7%) артты. Одан қосымша, бюджет есебінен үш балаға асырауынан айырылуы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы 57 689 теңгені құрайды, сәйкесінше жалпы төлем сомасы – 124 547 теңге болады.

Осылайша, нақты әлеуметтік сын-қатер туған жағдайда жұмыс істейтін азаматтар бюджеттен мемлекеттік жәрдемақы және МӘСҚ әлеуметтік төлем ала отырып, жұмыс істемейтіндермен салыстырғанда басымдыққа ие болады», - деді спикер.

ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 9 желтоқсандағы №910 қаулысына сәйкес, МӘСҚ еңбек ету қабілетінен айырылуы және асыраушысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлем мөлшерін арттыру көзделген. Осыған байланысты А. Құрманов көрсетілген әлеуметтік төлемдерді арттырудың қалай жүзеге асырылатынын түсіндірді.

«МӘСҚ әлеуметтік сын-қатердің 6 түрі бойынша әлеуметтік төлем төлейді, оның екеуі – еңбек ету қабілеттілігінен айырылуы және асыраушысынан айырылуы бойынша төлемдер ұзақ мерзімді болып саналады. Жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі шексіз белгіленген жағдайда әлеуметтік төлем зейнеттік жасқа жеткенше төленеді, яғни 40 жылдан аса төленуі мүмкін. Асыраушысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлем асыраудағы балалар 18 жасқа толғанша, ал күндізгі бөлімнің студенті болған жағдайда 23 жасқа дейін төленеді», - деді ол.

Тұтастай алғанда, еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша 76 мың көмек алушыға және асыраушысынан айырылу бойынша 45 мың алушыға әлеуметтік төлемдер мөлшері қосымша 5% артты.

ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың жаңа әлеуметтік саясаты қиын жағдайға тап болған адамдарды қолдауға бағытталған. Осыған байланысты басты басымдықтардың бірі – жұмыссыздарға жұмыс іздеуге көмектесу.

«Бүгінде Қазақстанда әлеуметтік жаңғырту процесі жүруде. ҚР 2030 жылға дейінгі әлеуметтік даму тұжырымдамасымен мемлекеттің, жұмыс берушінің және азаматтың әділ қоғам құру үшін бірлескен жауапкершілігінің негізгі қағидаты – міндетті және ерікті сақтандыруды кеңейту арқылы жаңа қазақстандық әлеуметтік моделді дамытуды жолға қойды. Осыған байланысты, түзету енгізілген заң жұмысынан айырылған және белсенді түрде жұмыс іздеп жүрген адамдардың әлеуметтік қорғалуын арттыруды көздейді. Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорының жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлем жұмысынан айырылған және тұрғылықты жеріндегі Халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарға беріледі», - деді Алмас Құрманов.

Жұмыстан айырылу бойынша табысты алмастыру деңгейі соңғы екі жылда орташа табыстың 30% құраса, жаңа заң бойынша бұл көрсеткіш 40% дейін арттырылды. Сонымен қатар, бұрын бұл төлем 1 айдан 4 айға дейін тағайындалса, 2020 жылдан бастап міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты 1 айдан 6 айға дейін тағайындалады.

«Мысалы, жұмыссыз ретінде тіркелген, жүйеге қатысу өтілі 10 жыл, орташа айлық табысы 150 мың теңге болатын жұмыскерге жұмыстан айырылу бойынша төленетін әлеуметтік төлемнің мөлшері 45 000 теңгеден 66 000 теңгеге дейін арттырылды (46,7%). Бұл ретте, аталған төлем бұрынғы төрт айдың орнына 6 айға төленеді», - деді қор өкілі.

Сонымен бірге, жаңа редакциядағы заң арқылы әлеуметтік төлемдерді тағайындау бойынша мемлекеттік қызметтер проактивті түрде көрсетіледі.

Проактивті принцип әлеуметтік төлем тағайындауға өтініш беру сипатынан біртіндеп бас тарту және хабарлама жіберу жолына көшуді білдіреді.

Бұл жағдайда мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арасында деректер алмасу жолымен азаматтар тиісті жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерін ала алады. МӘСҚ бір жасқа толғанша бала күтіміне байланысты табысынан айырылу үшін берілетін жәрдемақыны проактивті түрде тағайындайды. 2019 жылы МӘСҚ аталған төлемді 14 756 адамға проактивті түрде тағайындады, ал 2020 жылдан бастап еңбек ету қабілетінен айырылуы және асыраушысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдерді тағайындау осындай форматта жүргізіле бастады», - деді Алмас Құрманов.

Тұтастай алғанда, жаңа редакциядағы заң азаматтардың жұмыспен қамтылуын заңдастыруға, олардың міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысуын ынталандыруды және жұмыс істейтін азаматтардың әлеуметтік қорғалуын арттыруды көздейді.


Соңғы жаңалықтар