Мемлекетке қайтарылған активтерді жинақтау қоры құрылады

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару туралы заң жобасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Бас прокуратураның құрылымында заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі жеке ведомство құрылады.

«Екіншіден, тиісті қор құрылады. Бұл қорда жеке шот болуы мүмкін немесе жеке кәсіпорын болуы мүмкін. Қайтарылуы тиіс мүлікті басқару керек, оны қандай да бір есепшотқа аудару қажет. Бұл жұмыстарды атқаруға белгілі бір құрылым керек. Бұл құрылым ауқымды болмайды, оның құрамында шамамен 10 адам болуы мүмкін», - деді Қаржы министрі Мәжілісте тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

«Бұл мәселе алдағы уақытта Парламентте жан-жақты қаралады. Құжат енді ғана Мәжілістің қарауына еніп отыр», - деді Е. Жамаубаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жақын арада Прламент Мәжілісі заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару туралы заң жобасы мен бірнеше ілеспе құжатты талқылайды.

Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң жобасы және ілеспе заң жобалары қолданысқа енгізілгеннен кейін, Бас прокуратураның құрылымында заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі жеке ведомство құрылады. Ол осы саладағы уәкілетті органның функцияларын орындайды. Бұдан басқа, мемлекетке қайтарылған активтерді жинақтау әрі басқару мәселелері бойынша арнайы мемлекеттік қор және басқарушы компания құрылады. Бұл қайтарылған активтерді Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыруға бағыттауға мүмкіндік береді.


Соңғы жаңалықтар