Мемлекет жұмысқа тұрғаны үшін ақша төлейді - вице-министр Жақыпова

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, биыл «Өрлеу» жобасы аясында жұмысқа қабілетті азаматтарды қызметке тұрғызу шаралары барлық аймақтар бойынша жалғасатын болады.

Ал келесі жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмектің жаңа жүйесі енгізіледі. Оның арқасында министрлік үйдегі адамдардың жәрдемақысына қарап отырған азаматтарды жұмысқа шығаруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі кезде көпбалалы отбасыларға арналған мемлекеттік жәрдемақы, тұрмысы төмен отбасылар үшін 18 жасқа дейінгі мемлекеттік балалар жәрдемақысы және аз қамтылған үй шаруашылығына берілетін атаулы әлеуметтік көмек бар. Ал келесі жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмектің тек екі түрі ғана болады. Олар - шартты және шартсыз ақшалай көмек», - деді Жақыпова бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында. Шартсыз әлеуметтік көмек мүгедектер, зейнеткерлер, мектеп жасындағы балалары бар жалғызбасты аналарға көрсетіледі. Осы санаттағы азаматтарға мемлекеттен жәрдемақы алғаны үшін жұмысқа тұру міндеті қойылмайды. Ал шартты әлеуметтік көмекті алатындар міндетті түрде жұмысқа тұруы тиіс. Бір отбасыда, кем дегенде, бір адам еңбекке жарамды болса, шартты ақшалай көмек ала алады. Ол үшін арнайы әлеуметтік келісімшартқа қол қою қажет. Мемлекет өз тарапынан тиісті жәрдемақы төлеп, шартты көмек алып отырған адамды оқытып, жұмысқа тұрғызады. Өз кезегінде ақшалай көмекке жүгінген адам жұмысқа тұру міндетін мойнына алады.

«Мәселен, бір отбасыда бес адам бар дейік. Үш адам еңбекке жарамды, қалған екеуі мектеп жасындағы балалар болсын. Жаңағы үш адаммен әлеуметтік келісімшарт жасалады. Себебі екі бала да мектепке барып жүр. Алдымен ол адамдардың табысы есептеледі, мал ұстамаса, басқа бір табыс көздері болмаса, ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60 пайызы, ол 13 мың теңгедей болды, сөйтіп, бес адамға 65 мың теңге беріледі. Еңбекке жарамды адамның біреуі қолдау шараларынан, яғни дайындық курстарына қатысудан, жұмысқа тұрудан бас тартса, үш бірдей адамның төлемақысы 50 пайызға азаяды. Ал екінші рет бас тартса, мүлдем төленбейді. Бірақ екі баланың 26 мың теңгесі қала береді», - деп атап көрсетті вице-министр. Осылайша, үйдегі бір адам қалған екі адамға жауапты болып, үшеуі де бір-бірін жұмысқа орналасуға қамшылап отырады деген жоспар бар.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, осыдан үш жыл бұрын аталған жүйенің негізінде Ақмола, Шығыс Қазақстан мен Жамбыл облыстарында «Өрлеу» атты пилоттық жоба атқарылды. Сөйтіп, 2015 жылдың есебі бойынша оған 20,2 мың адам қатысты. Келесі жылда шартты көмекке жүгінгендердің саны 38,8 мыңға жетті. Соның арқасында еңбекке жарамды азаматтардың 90,5 пайызы жұмысқа тартылды. Ал әлеуметтік көмекке қарап отырғандардың саны 24,7 пайызға азайды. «Ағымдағы жылы «Өрлеу» жобасы барлық аудандар мен қалаларда жалғасады. Оған ел бюджетінде 7,1 млрд. теңге қарастырылған. Биыл аталған жобаға 150 мың адам тартылады деген жоспар бар», - дейді Светлана Қабыкенқызы.   
Оның айтуынша, шартты ақшалай көмек алған адамға жұмыс табылмай қалса, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жеке кәсібін ашуға мүмкіндік беріледі.  

Соңғы жаңалықтар