Мемлекет технология трансфертіне грантты 5 млн. долларға дейін арттырады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шетелдік технологиялар трансфертіне мемлекет тарапынан бөлінетін грант жақын арада бес млн. долларға дейін артады. Бұл туралы бүгін Ғылым мен технология және инновация саласында халықаралық ынтымақтастық стратегиясын талқылау барысында белгілі болды.

«Қазіргі кезде Үкіметте жалпы салалалық мақсаттарды шешу үшін технологиялық тұғырнамаларды, технологиялық консорциумдарды құру бағытында жаңа бастама талқылануда. Егерде бізде осыған дейін технология трансфертіне, яғни лицензия алуға 150 млн. теңгеге дейін грант болса, ал қазіргі кезде мемлекет тарапынан бұл грантты 5 млн. долларға дейін арттыруды қарастырудамыз», - деді «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жұматай Сәлімов.

Осы орайда ол бұл бастаманың басты мақсаты технологиялардың терең трансферті арқылы жалпы салалық проблемаларды шешуге негізделгенін атап өтті. Бұл тұрғыда еліміздің бизнесімен бірлесе кешенді жобаларды қамту ескеріліп отыр.

Ж. Сәлімовтің сөзіне қарағанда, осы бағытта ережелер әзірленуде және Үкіметтің Қаулысы қазіргі кезде заңгерлік қызметтердің қарауына берілді. Жыл соңына дейін бұл жұмыстар аяқталуы мүмкін. «Менің ойымша, алдағы жылдан бастап бұл бастама белсенді түрде бастау алуы ықтимал. Біз қанатқақты түрде жылына 2-3 жобаны қамтымақпыз»,- деді ол.

Осы жобалар аясында зияткерлік меншікке, конструкторлық құжаттамаға қол жеткізу, жаңа технологияларды игеру үшін кадрларды даярлау мәселелеріне айрықша мән беріледі.

Соңғы жаңалықтар