Мемлекет шебін шерумен шегендеу мүмкін емес

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы жылдары «еркіндік» пен «демократия» сөздері қоғамның таным-түсінігінде мүлдем басқа реңкке ие бола түсіп, бір қараған кезде көңілге қонымды әрі әділ көрінетіндей ұранға үн қосқан мыңдаған адамның шеруін көз алдыңа әкелетін болып барады. Әдетте, қарапайым халық тарабынан туындайтын мұндай сипаттағы наразылықтың соңы шерушілер мен құқық қорғау органдары арасындағы қақтығысқа ұласып, түрлі келеңсіздіктердің орын алуымен қатар екі тараптан да адам шығынына да ұласып жататындығы жасырын емес.

Бұған қоса, басты белгісі «демократия мен еркіндік» саналатын мұндай ырду-дырдуға жастардың еліктегіш келетіндігі де белгілі. Өйткені, жаппай сөз сөйлеулер мен жасанды ұрандар, қоғамдық тәртіпсіздік барысында орын алатын түрлі қылмыстардың кейбірінің жазасыз қалуы оларды еліктіре түсетіндігі де бар. Нақты мысалды алыстан іздеудің де қажет жоқ. Қоңсы отырған Қырғызстандағы, күні кеше кеңестік шекпеннен бірге шыққан Украинадағы жаппай тәртіпсіздіктердің неге апарып соққанын бәріміз де жақсы білеміз. Иә, халық толқыды, төңкеріс жасады, үкімет ауысты. Алайда, елдегі ішкі саяси ахуал да, қарапайым халықтың әл-ауқаты да жақсара қойған жоқ. Баяғы жартас бір жартас...

КСРО күйрегеннен кейінгі жылдардың ішінде экономикалық реформаларды уақтылы жүргізудің, теңгерімді ұлттық әрі тілдік саясаттың, халықтың әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған тобына мемлекеттік жан-жақты қолдаудың нәтижесінде Қазақстан өз тәуелсіздігінің 25 жылы ішінде ішкі саяси тұрақтылықты сақтап қана қоймай, жалпы ішкі өнімін де, шетелден түсетін инвестиция көлемін де еселей түсуде. Мұның барлығы да қазақстандықтардың болашаққа зор сеніммен қарап, мемлекеттігімізді, халқымыздың бірлігін нығайтумен қатар әл-ауқатымыздың да тұрақты арта түсуіне жол ашады.

Дегенмен, елімізде халық пен мемлекеттің мүддесін теке-тіреске айналдырып, азаматтарымызды мемлекеттік билікке мойынсұнбауға үндейтін көшбасшылары бар бірқатар саяси-қоғамдық қозғалыстардың да өз қызметтерін жүргізетіндігі белгілі.

Бүгінгі күні жерге қатысты заңнамаға енгізілген өзгерістер төңірегінде туындаған қоғамдық пікірталасты бұл қозғалыстар өздерінің мүддесіне тиімді пайдаланып, жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыру үшін халықтың Үкіметке сенімсіздігі ретінде көрсетуге жанын салып бағуда.

Иә, қазақстандықтардың басым бөлігі мұндай арандатушылық әрекеттерге бой алдырмайтындығы анық. Өйткені, олар ел тұрмақ өз тағдырына бей-жай қарайтын, ұраншыл әсіре әлеуметтік топтардың қолдауына ие саясаткердің айтағына еру абырой әпермейтіндігін жақсы біледі. Алайда, өмірде оңы мен солын танып үлгермеген, өмірлік тәжірибесі аз жастардың мұндай аттанда арандап қалуы мүмкін.

Айтпағымыз сылдыр су болмауына бұрынғы кеңестік республикалардың бірі, бүгінде Еуропалық одақтың құрамына кіруге ниетті болып отырған Украина мемлекеті жақсы үлгі бола алады. Есте болса, КСРО күйрегеннен кейін оңаша отау тіккен Украина одақтас елдердің арасында табысты дамуға әлеуеті зор елдердің бірі ретінде озық тұрған еді. Әлемнің барлық құнарлы топырағының оннан бір бөлігін алып жатқан елдің әлеуеті мол-тын. Украина қара металды қорытуда да әлемдік көшбасшы саналатын. Көптеген өнеркәсіптік кәсіпорындар, ғылыми мекемелер, дамыған білім жүйесі Украинаны жоғары ғылыми-техникалық әлеуеті бар елдердің қатарына шығарған-ды. Мәселен, Украина Ресейді есепке алмағанда бұрынғы одақтас елдердің арасында әлемдегі ең қуатты көлік ұшақтарының бірі «АН» маркалы әуе кемесін жобалаудан бастап, толық құрастырып шығаратын толыққанды кәсіпорынға ие болды. Дәл осы жерде зымырандар мен танкілер, ауыл шаруашылығы техникалары, сонымен қатар қарапайым халық тұтынатын көптеген тауарлар шығарылатын.

Көптеген сарапшылардың пікірінше, Украинаның бүгінгі экономикалық қиындықтары дефолтқа бастап тұр. Қоғамның асыра саясилануының соңы экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі барлық талпыныстарды тұйыққа тіреуде. Яғни, бүгінгі украиндық дағдарыстың негізі соңғы 25 жылда елдегі әлеуметтік-экономикалық дамудың төмен қарқынына себеп болған институционалдық себептерде жатыр.

Украина экономикасының қысқа да болса өрлеу дәуірі болғанын да айта кету керек. Алайда, 2005-2008 жылдардағы бұл елдің экономикасының өрлеуі металл бағасының артуы, сыртқы займдардың өсімі сынды бірқатар оң факторларға сай келген болатын.

Украинаның бүгінгі Президенті ел тәуелсіздігін алғаннан бергі бесінші мемлекет басшысы. Айта кетерлігі, бұған дейінгі 4 президент те төңкерістің нәтижесінде тақтан тайдырылып, барлығына да жемқорлық, ұлт мүддесін сату сынды айыптар тағылған еді. Алайда, олар тақтан тайғанымен, елдің экономикасы өрлеп, халықтың әл-ауқаты арта түскен жоқ, мемлекеттік басқару жүйесінде де шетін мәселелер байқала түсті. Мәселен, Украина өз тәуелсізідігі жылдары ішінде халқының 20 пайызынан айырып қалды. Бұл процесс әлі күнге дейін жалғасын табуда.

2014 жылғы Украинада орын алған оқиғалар мемлекеттіктің мығым негізін қалау үшін экономикалық дамуды басты мақсат етіп, халықты топтастыра алатын идеология құрмаған мемлекеттің қаншалықты әлсіз екендігін көрсетіп берді.

Украинадағы биліктің кезекті мәрте ауысуы халыққа не берді? Өкінішке орай ештеңе де. Жерінің біраз бөлігінен айырылып сорлап қалумен қатар құлдыраған экономикасын қалпына келтірер қауқар да таныта алар емес. Құрғақ сөз емес, нақты сандарға жүгінер болсақ, 2014 жылдың қорытындысында бұл елдің жалпы ішкі өнімі 2013 жылғы 183 310 млн. доллардан 131 805 млн. долларға дейін құлдырап кетті. Бір жылдың ішінде халықтың әл-ауқаты қатты күйзелді. Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 4030 доллардан 3014 долларға дейін кеміді. Есте болса, 2010 жылы бұл елдің жалпы ішкі өнімі 2974 доллар болса, ал араға үш жыл салып 4030 долларға дейін көтерілген болатын. Демек, Еуромайдан көшбасшылары ел экономикасындағы дағдарыстың тереңдей түсуімен күресте әлсіздік танытты деген сөз. Нақты айтқанда, 2014 жылдың 2 тоқсанында-ақ өндірістің тоқырауы, халық табысының кемуі байқалған еді.

Кезекті төңкерістен кейінгі экономикалық дағдарыстың себептері де айқын. Олар мыналар: текетірес тараптардың бөлініс шегіндегі бақталастығы, психологиялық майданның шиеленісуі, ірі сауда-экономикалық серіктесі саналып келген Ресеймен экономикалық жанжалдың тереңдеуі. Бұған қоса, елден шетелдік инвесторлардың қаржысымен қатар украиндық бай-манаптардың да жиған-тергені шығарылғаны анық. Өйткені, не бәрі 25 жылдың ішінде бірнеше мәрте төңкеріс орын алған елге инвесторлардың сенім артуы неғайбыл жайт. Жығылғанға жұдырық дегендей, халық та Ресей мен басқа да елдерге қоныс аудара бастады. Жалпы, Украина экономикасындағы рецессияны КСРО күйреген 90-шы жылдардағы экономикалық құлдыраумен теңеуге де болатын сияқты.

Украина экономикасының шиеленісті жағдайына нақты деректер де дәлел бола алады. Мәселен, Украина Қаржы министрлігінің мәліметтеріне сәйкес елдің сыртқы қарызы 2015 жылдың басында 95,8 пайызға жетіп отыр. Ал бұл көрсеткіш 2014 жылдың басында 77,5 пайызды құраған еді.

Әрине, экономиканың мұндай даму жағдайында мемлекеттің өз шығыстарын қысқартатындығы түсінікті. Деректерге көз жүгіртсек, Украина 2015 жылдың басында қоршаған ортаны қорғау мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа шығыстарын біршама қысып қалған. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа арналған шығыстар 2014 жылдың сәйкесінше кезеңімен салыстырғанда 69 пайызға кеміген. Мұнан бөлек, денсаулық сақтауға, рухани және әлеуметтік дамуға, білім беруге, әлеуметтік қорғауға және әлеуметтік қамтамасыз етуге бөлінетін мемлекет шығыстары айтарлықтай азайтылған.

Толықтай алғанда, бүгінгі Украинаның әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны сонау тәуелсіздік алған жылдардағы көрсеткішінен де әлдеқайда төмен. Елдің жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі көрші елдермен салыстырғанда біршама кем.

Инфляция көрсеткіштерінің жоғары болуына байланысты украиндықтардың өмір сүру деңгейі де кемшін түсуде. Егер, 2013 жылы жылдық инфляция мәні 100,5 пайыз болса, ал 2015 жылы оның көрсеткіші 143,3 пайызға жетті. Украина экономикасының шынайы өсімінің құлдырауына байланысты өткен жылы елдегі жұмыссыздық 9,5 пайызға жетіп отыр.

Міне, бұл біздің айтпақ болғанымыздың бір парасы ғана. Әйтпесе, дөңгеленген дүниеде «демократия» атауын жалау етіп, елдің тоз-тозын шығарған оқиғалар жеткілікті-ақ. Ендеше, еліміз аман, жеріміз бүтін болсын десек, Тәуелсіздіктің елең-алаңынан тұрақты даму мен қуатты мемлекет, әлеуметтік әлеуетті қоғам құруға баса назар аударған Қазақ елінің бет алған бағдарына демеу, қолдау болайық.

Соңғы жаңалықтар