Мемлекет пен қоғам қатынасының жаңа моделін жасау керек - Ерлан Саиров

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық құрылтай аясында Қазақстанның Тәуелсіздігін әрі қарай дамыту үшін маңызды қадамдар жасау керек. Бұл туралы «Ұлттық құрылтай – қоғамдық диалогтың жаңа моделі» атты «Sarap» эксперттік клубының отырысында Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі кезде барлығымыз көріп отырмыз, әрбір елдің ішкі саясаты сыртқы геосаяси климатқа байланысты болады. Қазіргі кезде геосаяси жағдай дүниежүзінде шиеленісіп отыр. Сонымен бірге, батыстың әмбебеп деп есептелген моделінің өзі коррозияға ұшырап жатыр. Осы мәселелер дүниежүзінде құндылықтар қақтығысының болып жатқанын көрсетеді. Негізінде, қазір Украина мен Ресейдің арасындағы соғыс – ол құндылықтар соғысы, яғни бұрыннан бері келе жатқан. Бұл құндылықтардың қақтығысы тек қана осы елдерде ғана емес, сонымен бірге планетаның түрлі нүктелерінде сезіліп тұр. Сонымен бірге, батыс моделіндегі демократия елдері 10 жылдан бері саяси тұрғыдан да турбуленттілікке еніп жатыр», - деді Е. Саиров.

Осы орайда ол әрбір ел дамуы үшін билік пен қоғамның, адам мен мемлекеттің арасындағы қарым-қатынастардың жаңа модельдерін жасау керектігін көрсетіп отырғанын айтты.

«Міне, осындай модельдің бірі – қазақтың дәстүрінде бар дала демократиясы. Қазақ қоғамы құрылғаннан бастап қазақ топтасқан кезде, қазақ ақылдасқан кезде - елімізді ешкім басып алмаған. Сондықтан Ұлттық құрылтайдың ең негізгі мәні – жаһандық түрдегі сыртқы қақтығыстардың Қазақстанға әсерін азайтып, мемлекетті дамыту үшін елдің ішіндегі әртүрлі саяси спекторлар өкілдерінің басын қосу. Біздің көзқарасымыз әртүрлі болуы мүмкін, өмірдегі пайымымыз өзгеше болуы ықтимал, бірақ біздің негізгі құндылық – Қазақстанның Тәуелсіздігі. Осы тұрғыда барлығымыз бірігуіміз керек. Менің ойымша, құрылтайдың ең негізгі мақсаты – Қазақстанның Тәуелсіздігін әрі қарай дамыту үшін маңызды қадамдар жасау», - деді депутат.

Еске сала кетейік, биыл наурыз айындағы Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құрылтай құруды ұсынды.



Соңғы жаңалықтар