Мемлекет меншігіндегі артық компаниялар мен қызметкерлерді қысқарту қажет – Президент

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет меншігінде тек әлеуметтік нысандар және мемлекеттің қауіпсіздігі мен қалыпты жұмысын қамтамасыз ететін нысандар ғана қалуы керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Үкімет жаңа жекешелендіру жоспарын қабылдауы тиіс. Мемлекет меншігінде тек әлеуметтік нысандар және мемлекеттің қауіпсіздігі мен қалыпты жұмысын қамтамасыз ететін нысандар ғана қалуы керек. Квазимемлекеттік секторда әкімшілік-басқару жұмысымен айналысатын қызметкерлер санын, пайдасыз шығындарды және басы артық еншілес компанияларды қысқарту жұмыстары жалғасын табуы тиіс», - деді Президент.

Осы орайда Президент «Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингілерін біріктіріп, штатты 50 пайызға қысқартуды тапсырды.

«Бәйтерек және ҚазАгро холдингілерінің рөліне арнайы тоқталғым келеді. Бұл компаниялар индустрияландыру және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту ісіне елеулі үлес қосып, бұрын бір-бірімен байланыссыз болған қаржы институттарының қызметін ретке келтірді. Ал қазір біз мүлдем жаңа жағдайда тұрмыз. Институционалдық құрылымды өзгерту – уақыт талабы. Сондықтан осы екі ұйымды біріктіріп, қаржылық мүмкіндіктері анағұрлым зор даму институтын құрған жөн», - деді Президент.


Соңғы жаңалықтар