Мемлекет мәселесінің мемлекеттік тілде айтылуы тұтас елдің ұстанымы болуы керек – Дәулеткерей Кәпұлы

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Дәулеткерей Кәпұлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Qazaqstan» телеарнасына берген сұхбаты жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сұхбатты тыңдап шықтым. Қысқа-нұсқа, мазмұнды, мағыналы сұхбат болған екен. Жайна Сламбекқызы да халықтың көкейінде жүрген біраз сұрақты қойды. Ең бірінші мәселе – «мемлекеттің мәселесі мемлекеттік тілде айтылуы керек» деген ұстаным – біздің мемлекеттің ұстанымы болуы керек. Өйткені мемлекеттік тіл қазақтан басқа ешкімге керек емес деді ғой. Осындай мәселе біздің мемлекеттің біртұтастығына әкеледі, өйткені қазіргі аралас мектептердің жағдайы, қазақ тілінің мүшкіл хәлі бар, осы сөз баяғыдан қалыптасып қалған бюрократиялық қоғамда бірінші басшы не десе, соның қас-қабағына қарап отыратын шенеуніктердің әсіресе мемлекеттік тілге байланысты жұмыс істеуіне септігін тигізеді деп ойлаймын», - деді ақын агенттік тілшісіне берген сұхбатында.

Өз сөзінде Д. Кәпұлы сұхбаттың негізгі тақырыбы «Қаңтар қасіреті» болғанын, бұл мәселеге халық әлі елеңдеп отырғанын еске салды.

«Президент «Бейбіт шеруге шыққан халықтың бәрі лаңкес пе?» деген сұраққа орынды, нақты жауап берді деп ойлаймын және мұның өте мұқият тексеріліп жатқанын, ақиқаты айтылатынын жеткізді. Бұл жерде бейбіт халықтың шеруін кәнігі қарақшылардың, арам ниетті арандатушылардың пайдаланып кеткенін, яғни бұл мемлекетке, Тәуелсіздікке қауіп төндіру, билікті басып алу тұрғысындағы әңгіме екенін ашып айтты. Лаңкестердің де бейбіт шерушілермен ара-жігін ажырату керектігі айтылды, олар төңкеріс жасауға талпынып, билікке қарсы шыққандар, қосақ арасында кетіп қалған бейбіт халық та бар. Президент қазір тергеу изоляторында отырғандардың барлығына әділетті қарым-қатынас болатынын айтты. Оған да сендік», - дейді Дәулеткерей Кәпұлы.

Сонымен бірге спикер «Қаңтар қасіретіне» бірден баға беруге ерте екенін, қылмыстың әлі тексеріліп жатқанын айтты.

«Осы тұрғыда Президент мемлекетте халықтан жасырын сыр болмау керек деді. Яғни «Қаңтар қасіретін» зерттеп жатқан прокуратура бар, сот бар екенін айтып, қоғамдық комиссия жұмысының да маңыздылығына тоқталды. Өйткені алаңға шыққандардың бәрін террорист, лаңкестер деуге болмайтынын, бейбіт халықтың, қазіргі қамауда отырған мыңдаған адам ішінде қосақ арасында кеткендер болса тимеу керегін айтты. Бірақ ұсталғандар арасында да жасаған қылмысы анықталса жазасын тартады, қылмысы жоқ болса босайды. Яғни барлығын сүттен ақ, судан таза етуге ертерек екенін, дегенмен әділетті тергеу болатынын айтты.

«Халықтың әлеуметтік жағдайы төмен екенін мойындауымыз керек» деген сөз де біздің қоғамда айтылмайтын дүние. Баяғыда 100 қойдан 150 қозы алу деген жалған ақпараттың коммунизмді де жарға жыққанын, жоғарыға жалған есеп берудің түкке қажеті жоқтығын айтты. Яғни халықтың жағдайына бірінші мән беретінін, әлеуметтік жағдай түзелмей, халықтың билікке наразылығы өрши беретінін, халықтың тепе-тең жағдайда өмір сүруіне мән беретінін жеткізді. Ол қазақ ертегісіндегі Асан мен Үсеннің жағдайын көріп отырғанын меңзеді, әлеуметтік теңсіздік, бүкіл Қазақстанның байлығы байшыкештердің қолында екені, шетелге кеткен ақшаны қайтару дегеннің барлығы – бүкіл халықтың көкейіне қонатын нәрсе деп ойлаймын. Халықтың өз қолы өз аузына жетіп отырғаны мемлекетке керек екенін, халықтың пікірі өте маңызды және адамдар мемлекет үшін емес, мемлекет адамдар үшін қызмет етуі керектігін айтты. Бұл біздің қоғамда бұған дейін Мемлекет басшының аузынан шыққан сөз емес болатын», - деді Д. Кәпұлы.

Сөз соңында ақын мемлекеттің біртұтастығы – әр азаматтың мойнындағы азаматтық борыш екенін еске салды.

«Қазақтың таным-түсінігінде туған айға қарап, алдағы уақытты болжайтыны бар, ай шалқасынан туса, өзіне жайлы, халыққа жайсыз деген сөз бар. Сондықтан бұл шалқақ ай емес, өзіне де халыққа да жайлы дүние жасау ұстанымы бар екенін ішіміз сезді. Асан мен Үсеннің арасындағы айырмашылық – елдің байлығы азғантай байшыкештердің, шенеуніктердің, қазынаны қалтасына қампайтқандардың ғана дүниесі емес, қазаққа ортақ байлық екенін айтты. «Бізде бір ғана Отан бар» деген сөзді де әр қазақ сезінуі керек. «Қазақтың тағдырын өзіміз ғана шешуіміз керек» деген сұхбат соңындағы түйінге де жаным сүйсінді. Мемлекеттің біртұтастығы – жалпы қоғамның бір ізде болуы әрқайсымыздың мойнымыздағы азаматтық борыш екенін ұғыну керек. Ел болғасын түрлі пікірлер мен алуан ойлар болады, бірақ бәрібір де Тәуелсіздіктің, тыныштықтың қымбат екенін осы жолы қазақ баласы сезінсе, бүгінгі сұхбаттан біраз мән ұққан болуы керек деп ойлаймын. Сондықтан Президент өзіне сенімді, халықтың көкейіндегі әр сауалға дәл, нақты жауап берді деп есептеймін», - дейді Дәулеткерей Кәпұлы.


Соңғы жаңалықтар