Мемлекет құрудың жаңа кезеңіне аяқ басқалы тұрмыз - Ерлан Қошанов

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов фракция жиналысын өткізіп, саяси реформалар аясында депутаттар алдындағы жаңа міндеттерді айқындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ерлан Қошанов Президенттің ҚХА сессиясы барысында Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша бүкілхалықтық референдум өткізу туралы бастамасының маңыздылығына ерекше назар аударды.

«Бұл - жан-жақты сараланған тарихи шешім. Біз мемлекет құрудың жаңа кезеңіне аяқ басқалы тұрмыз. Ол - азаматардың саясатқа араласу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған еліміздің қоғамдық-саяси жүйесінің трансформациясы. Алдағы өзгерістердің ауқымын ескере отырып, оған күллі халықтың қатысуы өте маңызды. Сондықтан, Мемлекет басшысы референдум өткізуді ұсынды», – деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс Төрағасы атап өткендей, Қазақстан мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының жаңа моделіне көше бастады. Ол өзгерістердің ауқымы ескеріле отырып, «Екінші республика» деп аталды. Спикер Мәжіліс депутаттарына да зор жауапкершілік жүктеліп отырғанын айтып, олардың түсіндіру жұмыстарына қатысуы маңызды екенін атап өтті.

«Біздің міндетіміз – Мемлекет басшысы ұсынған саяси реформаларды халыққа дұрыс жеткізу», – деді Палата төрағасы.

Өңірлердегі түрлі диалог алаңдарында, еңбек ұжымдарында және дәрігерлер, мұғалімдер, жастар, қоғамдық көшбасшылармен, сондай-ақ ғылыми-сарапшылық орта өкілдерімен кездесулер өткізудің қажеттігін айтты. Бұл ретте қалалар мен аудандарға ғана емес, сондай-ақ әр түрлі санаттағы азаматтарды барынша қамти отырып, шалғай елді мекендерге де шығуды тапсырды.


Соңғы жаңалықтар