Мемлекет кейібір санатқа енетін азаматтардың жалақысын толық субсидияламақ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Субсидияланатын жұмыс орындарының тізбесін, субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналасатын адамдарға қойылатын талаптарды, олардың жалақысының мөлшерін және субсидиялау мерзімдерін бекіту туралы» Үкіметі қаулысының жобасын әзірледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Субсидияланатын жұмыс орындарының тізбесі, субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналасатын адамдарға қойылатын талаптар, олардың жалақысының мөлшері және субсидиялау мерзімдері бекітілсін», - делінген «Ашық» НҚА порталында жарияланған Үкімет қаулысында.

Қоғамдық жұмыстар бойынша субсидияланатын жұмыс орындарына орналастырылатын адамдардың санаты:

- жұмыссыздар;

- денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмыстарға оқудан бос уақытта студенттердің және жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары;

- тоқтап тұруға байланысты жұмыспен қамтамасыз етілмеген адамдардың құқығы бар.

- жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерді алмайтын жұмыссыздар;

- мансап орталығында 6 айдан астам есепте тұрған жұмыссыздар басым құқықты пайдаланады.

Осы санатқа енетін азаматтардың жалақысын мемлекет толық сусидиялайды. Құжатта көрсетілгендей, субсидия 12 айдан артық төленбейді.

Ал әлеуметтік жұмыстар бойынша субсидияланатын жұмыс орындарына орналастырылатын адамдардың санаты:

- балалар ауылының тәрбиеленушiлерi және балалар үйлерінің түлектері, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған он алты жастан жиырма үш жасқа дейiнгi балаларға арналған мектеп-интернаттардың тәрбиеленушілері;

- зейнетке шығуға 2 жыл қалған адамдар;

- мүгедектігі бар адамдар;

- бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және мәжбүрлеп емдеуден өткен адамдар;

- пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар;

- кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеп отырған жалғызiлiктi, көпбалалы ата-аналар;

- 7 жасқа дейінгі балаларды, мүгедектігі бар баланы, бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдарды бағып-күтуді жүзеге асыратын адамдар;

- қандастар;

- терроризм актісінің нәтижесінде зардап шеккен адамдар және оның жолын кесуге қатысқан адамдар қатарындағы жұмыссыздар басым құқық пайдаланады.

Бұл санат бойынша мемлекет жалақыны ішінара субсидиялайды. Атап айтқанда, айлықтың 35%-ы Үкімет тарапынан төленеді.

Бұған қоса, мемлекет жастар практикасымен жұмысқа тұрғандардың жалақысын 1 жыл толық субсидиялайды. Оның сомасы 30 АЕК (103 500 теңге).

Қаулыға сәйкес, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы шеңберінде жұмысқа орналасқандарға мемлекет тарапынан 18 ай жалақы төленеді. Оның сомасы – 30 АЕК (103 500 теңге).

«Ұрпақтар келісімшарты» жобасына бойынша қызмет тапқандардың 6 ай бойы жалақысы толық мемлекеттік бюджет есебінен жүргізіледі.

«Күміс жас» жобасына қатысуға 50 жастан асқан жұмыссыздардың құқығы бар. «Күміс жас» жобасына қатысуға зейнетке шығуға 5 жыл қалған жұмыссыздар басым құқық пайдаланады. Олардың жалақысын мемлекет 36 айдан аспайтын мерзімге ішінара субсидиялайды. Жұмыстың біріші жылы жалақының мөлшерінен 70%-ды құрайды, бірақ 30 АЕК-тен аспайды. Жұмыстың екінші жылы жалақының мөлшерінен 65%-ды құрайды, бірақ 30 АЕК-тен аспайды. Жұмыстың үшінші жылы жалақының мөлшерінен 60%-ды құрайды, бірақ 30 АЕК-тен аспайды», - деп жазылған Үкімет қаулысының жобасында.

Құжат 17 сәуірге дейін көпшілік талқылауда болады. Кейін, яғни 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.


Соңғы жаңалықтар