Мемлекет кепілдігімен ұсынылған адвокаттарға қатысты 12 шағым түскен

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл әділет органдарына мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету кезінде адвокаттардың әрекеттеріне 12 шағым түсті. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Әділет вице-министрі Алма Мұқанова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта республика бойынша адвокаттық қызметті 5 879 адвокат жүзеге асырады. Оның ішінде, мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуге 2 278-і тартылған, бұл – адвокаттардың жалпы санының 38,6 пайзы. Сонымен қатар, қабылданған заң аясында заңгерлік көмек субъектілерінің ауқымы заң кеңесшілерімен кеңейді. Бүгінгі таңда Қазақстанда заң консультанттарының жалпы саны - 13 010. Оларды мемлекет кепілдік берген заң көмегі жүйесіне тарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өзгерістер енгізілгеннен кейін заң көмегі көрсетілген азаматтардың саны артты. Мысалы, былтыр мемлекет кепілдік берген заң көмегі 122 337 азаматқа, ал бүгінгі күні 169 495 азаматқа көрсетілді», - деді вице-министр.

Министрлік республикалық адвокаттар алқасымен бірлесіп, мемлекет кепілдік берген заң көмегінің көрсету сапасына да тексеріс жасаған.

«Биыл әділет органдарына мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету кезінде адвокаттардың әрекеттеріне 12 шағым түсті. Шағымды қарау нәтижелері бойынша 3 адвокат адвокаттар алқасынан шығарылды, тағы үшеуіне ескертулер мен сөгіс түріндегі тәртіптік жауапкершілік шарасы қолданылды», - деп тоқталды ол.


Соңғы жаңалықтар