Мемлекет қайраткері Ұзақбай Құлымбетовтың туғанына 120 жыл

None
None
АЛМАТЫ. 18 наурыз. ҚазАқпарат /Әйгерім Әмір/ - Бүгін Алматы қаласы тарихының мұражайында «Ұлтын ұлықтаған тұлға» атты дөңгелек үстел өтті. Ол көрнекті мемлекет қайраткері Ұзақбай Құлымбетовтың туғанына 120 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

Кездесуге белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар: тарих ғылымдарының докторы, профессор Тілеу Көлбаев, Қазақстан тарихшылар қауымдастығының төрағасы Мәмбет Қойгелдиев, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының жетекші маманы Светлана Смағұлова, саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары Саят Ілиясұлы Жансүгіров, Ұ.Ж.Құлымбетовтың қызы Орынша Құлымбетова-Қазыбаева және басқалар қатысты.

Жиын барысында тарихшы- ғалымдар өздерінің зерттеулері мен тың деректерін ортаға салды. Жерлестері мен ұрпақтары сол қасіретті жылдардан қалған естеліктерін айтты.

«Мен «Ұ.Құлымбетов не үшін сотталды?» деген тақырыпта зерттеу жүргіздім. Мұрағаттарды ақтардым. Сол кездері баспасөз беттерінде не жазылғанына үңілдім. Қуғын-сүргін жылдары бұл кісі өте ауқымды дүниелер жасаған. Дегенмен, Құлымбетовтың еңбегі туралы көпшілік тым аз біледі. Ол туралы тек бір-ақ кандидаттық диссертация қорғалған. Оның себебі, мәселе қаржыда болып отыр. Біз бүгінде Астана қаласы мен Алматыдағы мұрағаттарға ғана қол жеткізіп отырмыз. Ал, егер қаржы мәселесі шешілсе Ресейге барып сондағы материалдар арқылы үлкен зерттеу жұмыстарын жүргізуге болар еді. Мемлекеттің, жоғары ұйымдардың қолдауымен біраз жұмыс жасалды. Бірақ атқарылатын жұмыс одан да көп», - деді профессор Мәмбет Қойгелдиев.

Ұзақбай Желдірбайұлы Құлымбетов 1891 жылдың 18 наурызында Ырғыз уезі, Аманкөл болысында дүниеге келген. 1910 жылы Ырғыздың екі сыныптық орыс-қазақ училищесін, 1912 жылы Ақтөбе мұғалімдер семинариясын бітірген соң, Ырғыз, Торғай ауылдарында мұғалімдік қызметте болған.

1919-25 жылдары Ырғыз революциялық комитетінің төрағасы, Ақтөбе, Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында облыстық, губерниялық партия комитеттері мен атқару комитеттерінің төрағасы болған. Сондай-ақ 1925-37 жылдары Қазақ АССР Халық шаруашылығы кеңесінің төрағасы, Қазақ Өлкелік ішкі және сыртқы сауда халық комиссары, мемлекеттік Жоспарлау комиссиясының төрағасы, Қазақ Өлкелік Орталық Атқару Комитетінің (КазЦИК) Төрағасы қызметтерінде болған.

Республикадағы өнеркәсіптің қалыптасуына, Түрксіб сияқты теміржол құрылысының салынуына, Қызылорда, Алматы қалаларының астана болып қалыптасуына тікелей басшылық жасаған.

Соңғы жаңалықтар