Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
USD 378.01 EUR 420.88
RUB 5.84 CNY 54.64
Jańalyqtar

Мемлекет қандай міндеттемелерден бас тартқалы отыр - Асқарбек Ертаевпен сұхбат

2018 жылғы 13 қараша 18:02 1890
Бөлісіңіз:
Мемлекет қандай міндеттемелерден бас тартқалы отыр - Асқарбек Ертаевпен сұхбат

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті қазіргі таңда кейбір мемлекеттік міндеттемелерді (функцияларды) бәсекелі ортаға беру мәселелері жөніндегі заң жобасын қарап жатыр. Аталмыш заң жобасының елге қандай пайдасы бар? Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында ҚР ҰЭМ Мемлекеттік басқару жүйесін дамыту департаменті директорының орынбасары Асқарбек Ертаев айтып берді.

- Асқарбек Маратұлы, өткен жылы Үкімет міндеттемелерді  бәсекелі ортаға беру мәселелері жөніндегі заң жобасын Парламент Мәжілісінің қарауына енгізген болатын. Осы заң жобасы қазір қандай сатыда?

- Иә, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 30 қыркүйектегі қаулысымен Парламент Мәжілісінің қарауына мемлекеттік органдардың функцияларын бәсекелі ортаға беру мәселелері бойынша заң жобасы енгізілді. Заң жобасы 100 нақты қадам Ұлт Жоспарының 97 қадамын жүзеге асыру үшін дайындалған.

Тұжырымдамаға сәйкес, заң жобасы ҚР заңнамалық актілеріне, «Әкімшілік рәсімдер туралы», «ҚР мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы», «ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Заң жобасында міндеттемелерді бәсекелі ортаға беру жөніндегі базалық тәсілдер, нарық субъектілері мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимыл тетігі айқындалған.

Заң жобасының осы жылдың 13 маусымында Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында бірінші оқылымы өтті. Қазіргі уақытта заң жобасы екінші оқылымға дайындалуда.

- Осы заң жобасының қабылдануынан еліміздегі азаматтардың нені күтуіне болады?

- 97-ші қадамның негізінде өзіне тән емес және артық мемлекеттік міндеттемелерді қысқарту есебінен жинақы үкіметті қалыптастыру тұжырымдамасы жатыр. Бұл ретте мемлекеттік функцияларды бәсекелі ортаға беру жөніндегі заң жобасының негізгі мақсаттарын айтып өтейін. Біріншіден, мемлекеттік органдардың функцияларын іске асырудың тиімділігі мен сапасын арттыру, екіншіден бәсекелестік ортаны дамытуға және жетілдіруге жәрдемдесу, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, сондай-ақ мемлекеттік аппаратты оңтайландыру жоспарлануда.

Азаматтар үшін өзін-өзі реттейтін ұйымдар арқылы шешім қабылдау процесіне қатысу мүмкіндіктері кеңейтілуде.

Сонымен қатар, бәсекелі орта мемлекеттік органдардың функцияларын іске асырудың тиімділігі мен сапасын арттырады деп күтіліп отыр. Бұл өз кезегінде азаматтарға қызмет көрсетуге жағымды әсер етеді.

- Заң жобасында міндеттемелерді берудің 5 тәсілі айқындалған. Неге дәл осы 5 тәсіл ерекше аталып отыр?

- Үкімет жанында арнайы құрылған комиссия функцияларды бәсекелі ортаға берудің 5 тәсілін анықтады. Ішінара берілуге аутсорсинг, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және мемлекеттік тапсырма арқылы қазіргі уақытта белгілі функцияларды іске асыруға беру тәсілдері жатады.

Енді осы бес тәсілді жіліктеп айтып беруге рұқсат етсеңіз... Бірінші әдіс - аутсорсинг. Яғни, функциялардың аутсорсингі деген жаңа ұғым енгізіледі. Міндеттемелердің аутсорсингі деп келісімшарттар жасасу жолымен мемлекеттік функциялардың нақты түрлерін іске асыру бойынша мемлекеттік органдардың функцияларын бәсекелестік ортаға беруді атайды.

Екінші тәсіл - бұл мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар мен сыйлықтар туралы» заңымен реттеледі. Яғни, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс үкіметтік емес ұйымдарды тарту арқылы жүзеге асырылып, аталмыш амал-әдіс әлеуметтік бағдарламаларды, жобаларды жүзеге асыруда мемлекеттік органдардың барлық міндеттемелері бойынша қолданылады.

Үшінші тәсіл - бұл мемлекеттік тапсырма. Қолданыстағы заңнамада мемлекеттік тапсырма Бюджет кодексімен реттеледі. Мұнда біз қолданыстағы заңнамадан бас тартпай, заң жобасында жаңа баппен мемлекеттік тапсырманы орындау мәселелерін реттейтін қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге сілтеме нормаларын қарастыруды ұсынамыз.

Төртінші тәсіл - бұл міндеттемелерді пайдаланушылар есебінен, яғни жеке және заңды тұлғалар есебінен бәсекелестік ортаға функцияларды толық беру болса, бесінші тәсіл - бұл міндетті мүшелікке негізделген өзін-өзі реттеу. Осы бөлікте, заң жобасында қолданыстағы «өзін-өзі реттеу туралы» негіздемелік заңға сілтеме нормалары және реттеуші құралдардың реттеушілік әсерін талдауды жүргізу және пайдалану ережелері көзделген. Демек, бұл тәсілді іске асыру қолданыстағы өзін-өзі реттеу туралы заңнама шеңберінде жүзеге асырылатын болады.

- Сіз мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың тәсілі үкіметтік емес ұйымдар арқылы жүзеге асырылатынын атап өттіңіз. Қалай ойлайсыз, үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттік органдардың функцияларын жүзеге асыруға дайын ба?

- Бүгінгі күні мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс - әлеуметтік бағдарламалар мен әлеуметтік жобалар үшін айтарлықтай белсенді құрал. Заң жобасын әзірлеу барысында мемлекет пен азаматтық қоғам институттары арасындағы диалог алаңдарын ұйымдастыру жөніндегі негізгі әріптес - Қазақстанның Азаматтық Альянсы. Сонымен қатар, мемлекеттік органдардың функцияларын бәсекелестік ортаға беру нарықтың дайындығын талдау қорытындылары бойынша жүзеге асырылады. Яғни қандай да бір функцияны бәсекелестік ортаға беру туралы кез келген ұсыныс міндетті түрде нарықтың дайындығын талдау рәсімінен өтуі тиіс.

Ең маңыздысы, талдау жүргізу кезінде бұл мемлекет, тұтынушылар мен функцияларды әлеуетті орындаушылар, яғни барлық мүдделі тараптар үшін ықтимал пайда мен шығындарды бағалануы керек. Осылайша, мұқият талдаудан кейін ғана мемлекеттік органдардың функцияларын беруге немесе бермеу туралы ұсыныстар беріледі.

- Заң жобасы мемлекеттік аппаратты оңтайландыруға бағытталғанын атап өттіңіз...

- Иә, функцияларды бәсекелестік ортаға беру шығыстар бойынша тиісті оңтайландыруды жүргізуді де болжайды. Оңтайландыру - штат санын қысқартуға және мемлекеттік органның шығыстарын қайта бөлуге бағытталған шаралар кешені. Бұл әкімшілік мемлекеттік қызметшінің қызметін жекелеген функцияларды беру мақсатында бір жұмыс учаскесінен басқа учаскеге қайта бөлу болуы мүмкін. Бұл сондай-ақ бар бизнес-процестерді қайта қарау арқылы штат саны мен шығыстарды қысқартуы ықтимал.

- Егер барлық бәсекелі ортаның барлық дайындығы сақадай сай болса, мемлекеттік органдардың функцияларының бәрі де оларға  берілуі мүмкін бе?

- Барлығы емес, әрине. Заң жобасында конституциялық құрылымды, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын, қоғамдық тәртіпті сақтауды, капиталды әкетуді, жоғары қадағалауды, қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді, сот төрелігін, жедел-іздестіру қызметін, сондай-ақ ұлттық, ақпараттық қауіпсіздікті, мемлекеттік құпияларды, қорғанысты, көші-қонды, мемлекеттік статистиканы қамтамасыз етуді және берілуі мемлекет мүдделеріне залал келтіруі мүмкін өзге де функцияларды қорғауға бағытталған функцияларды бәсекелестік ортаға беруге тыйым салынатын болады.

- Соңғы сұрақ: берілген функциялардың ашықтығы қалай қамтамасыз етіледі? Азаматтарға бәсекелестік ортаға берілген функцияларды қайдан көруге болады?

- Заң жобасында азаматтарды, сондай-ақ нарық субъектілерін ақпараттандыру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің және «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының сайтында мынадай мәліметтер орналастырылады: біріншіден бәсекелестік ортаға беруге ұсынылатын мемлекеттік органдар функцияларының тізбесі. Екіншісі - олар берілген Нормативтік құқықтық құжатты көрсете отырып, бәсекелестік ортаға берілген мемлекеттік органдар функцияларының тізімі, үшіншісі -  комиссия шешімі, мониторинг нәтижелері және олар қайтарылған нормативтік құқықтық құжатты көрсете отырып, мониторинг қорытындылары бойынша мемлекеттік органдарға кері қайтарылған мемлекеттік органдардың функцияларының тізбесі.

- Сұхбат бергеніңіз үшін рахмет.

Фото: economy.gov.kz

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Аян Бекенұлы

Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059
MURAǴAT