Мемлекет Ирактан қайтарылған жазықсыз балаларды қалыпты өмірге қайтару үшін аянбайды – Абаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Ирактан қайтарылған 14 балаға қатысты пікірімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әріптестерім (ҚР СІМ-дегі) бұл мәселені жан-жақты түсіндірді. Әрине, Ирактан қайтарылған балалар бейімдейтін, арнайы күзетілетін орындарда қамқорлықта болады. Олармен психологтар мен педагогтар, медициналық қызметкерлер жұмыс жүргізеді. Осыдан кейін балалардың барлығы туған-туыстарына тапсырылады. Ол жерде де балалар уәкілетті органдардың назарында болары анық», - деді ол.

Дәурен Абаев бұл мәселе мемлекет басшылығының тікелей бақылауында тұрғанын жеткізді.

«Мемлекет бұл жазықсыз балалардың қалыпты өмірге қайтып, қоғамның лайықты мүшесіне айналуы үшін қажетті барлық жұмысты атқарады. Бұл ретте Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Сыртқы істер министрлігі мен Әділет министрлігінің, халықаралық ұйымдардың қызметкерлеріне ерекше алғыс білдіру керек. Олар өте үлкен істі атқарды. Халықаралық сарапшылармен әртүрлі алаңдарда кездескен кезде олардың бәрі де осы арнайы операция кезіндегі тәжірибемізді сұрайды», - деді ол.

Еске сала кетсек, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылған гуманитарлық акция нәтижесінде Ирак түрмесінде өз аналарының жанында жатқан 14 қазақстандық бала еліне қайтарылған болатын.

Соңғы жаңалықтар