Мемлекет халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін толық орындайды – Мәжіліс төрағасы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осы сессияда депутаттар жұмыс істейтін заң жобаларының ерекше маңызы бар. Бұл туралы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін барлығымыз Президенттің кезекті Жолдауын тыңдадық. Бұл Жолдау аса ерекше болды деп айтар едім. Ол бұрын басталған реформалардың логикалық жалғасы болып отыр. Өте маңызды, еліміздің болашақ дамуына, тағдырына қатысты ауқымды мәселелер көтерілді. Ең бастысы, Мемлекет басшысы Жолдауда алғаш рет болашақ сайлау науқандарының кестесін жариялап, еліміздің бүкіл саяси жүйесінің жаңарып-жаңғыруына жол ашып берді. Бұл биліктің ашықтығын және мемлекет пен қоғам арасындағы сенімнің нығаюын айқын көрсетеді. Сонымен бірге, Президент ең өзекті мәселелерге тоқталып, оларды шешу жолдарын ұсынды», - деді Е. Қошанов Мәжілістің жалпы отырысында.

Осы орайда ол Президент Жолдауда айтқан барлық мәселелер қоғам сұранысына сай келетінін айтты.

«Қазір қазақстандықтарды толғандыратын ең басты мәселе – экономиканың дамуы, халықтың әл-ауқатын арттыру. Елді баға мен тарифтердің өсуі алаңдатып отыр. Президент Жолдауда көптің көкейінде жүрген осы сұрақтарға нақты жауап берді. Ол «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгертуді ұсынды. Оның басты мақсаты – бизнес ашып, кәсіпкерлікпен айналысу үшін тең мүмкіндіктер жасау, экономикалық еркіндікті қолдау, мемлекеттің экономикаға шектен тыс араласуынан бас тарту. Сонымен бірге, салық және бюджет жүйесін жаңғыртуға, бюджет қаражатының тиімділігін арттыруға, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік пен мемлекеттік сатып алу механизмдерін жетілдіруге, отандық бизнес үшін несие ресурстарының тапшылығы мәселесін шешуге ерекше басымдық беріліп отыр. Қазіргі әлемдегі күрделі ахуалға қарамастан, мемлекет халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін толық орындайды және арттырады», - деді Мәжіліс төрағасы.

Оның айтуынша, Мәжіліс депутаттары алдында конституциялық реформалар аясында да бірқатар заңды қабылдау міндеті тұр.

«Осы сессияда депутаттар жұмыс істейтін заң жобаларының ерекше маңызы бар және оны қоғам да күтіп отыр. Сондықтан, оларды қарау кезінде халықтың, азаматтық қоғам өкілдері мен сарапшылардың пікірі мейлінше ескерілуі тиіс.

Жұмыс топтарының отырыстары, заң жобалардың таныстырылымы сияқты барлық жиындарға жұртшылықтың кеңінен қатысуын қамтамасыз ету қажет», - деді Е. Қошанов.


Фото: www.parlam.kz




Соңғы жаңалықтар