Мемлекет басшысының төрағалығымен Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысы басталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 33-ші жалпы отырысы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жолғы отырыс барысында шикізаттық емес экспортты дамыту мәселесі кеңінен талқыланбақ. Іс-шараға ірі тұрансұлттық компаниялардың басшылары, мемлекеттік органдардың жетекшілері мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысуда. Жалпы отырыс барысында Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо сөз сөйлеп, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді кеңестің 32-ші жалпы отырысындағы хаттамалық тапсырмалардың орындалуы туралы, ал Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов бүгінгі іс-шараның негізгі тақырыбы жайында сөз қозғамақ.

Айта кетейік, Президент жанындағы Шетелдiк инвесторлар кеңесi ҚР Конституциясының 44-бабының 20) тармақшасына сәйкес, ҚР Президентінің 1998 жылғы 30 маусымдағы №3985 Жарлығымен құрылды. Шетелдік инвесторлар кеңесі Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

Мемлекет басшысы төрағалық ететін кеңестің негізгі міндеті: Қазақстан Республикасының инвестициялық саясатының негізгі бағыттарын айқындау; Қазақстан Республикасындағы инвестициялық ахуалды жақсарту; Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы нормативтік құқықтық базасын жетілдіру; Қазақстан Республикасының экономикасын әртараптандыруға, өнеркәсіп секторын индустрияландыруға, шағын және орта бизнесін дамытуға шетелдік компаниялардың жәрдемдесуі; Қазақстан Республикасының экономикасын әлемдік экономикалық процестерге интеграциялау; Қазақстан Республикасының экономикасына шетелдік инвестицияларды тарту стратегиясы; Қазақстан Республикасының халықаралық маңызы бар ірі инвестициялық бағдарламалары мен жобаларын іске асыру мәселелері бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу.

Қазіргі уақытта кеңес құрамына 37 ірі трансұлттық компания мен халықаралық ұйымдардың, негізгі министрлікктердің басшылары кіреді.


Соңғы жаңалықтар