Мемлекет басшысының тапсырмалары медицина саласында оң нәтижелер береді - Мыңжылқы Бердіқожаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алматыдағы Орталық клиникалық ауруханасы Нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Мыңжылқы Бердіқожаев Мемлекет басшысының медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеруге қатысты берген тапсырмаларына пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Президентінің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 3-отырысында атап өткен мәселелерінің ішінде дәрігерлердің қателігіне байланысты пікір білдірді. Әрине, осы бағытта көптен бері тиісті зерттеулер жүргізіліп келе жатыр. Бұл тұрғыда дәрігерлік қателікті сақтандыру жөнінде ұсыныстар да айтылған еді. Соның барлығы енді заңнамалық тұрғыда ескеріледі деген ойдамын. Меніңше, дәрігерлерді қателігі үшін қылмыстық жазаға тарту дүниежүзілік тәжірибеде жоқ. Егер қасақана жасалған кінәсі болса, онда әлем елдерінде қылмыстық жаза ескерілген. Көптеген мемлекеттерде сақтандыру компаниялары зардап шеккен науқасқа тиісті сомада төлемдер жасайды», - деді М. Бердіқожаев.

Осы орайда ол Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіндегі Мемлекет басшысының бастамалары қолдайтынын, бұл бағыттағы қадамдар оңтайлы шешімдер жасауға ықпал ететінін айтты.

Бұдан бөлек ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылдан бастап дәрігерлердің еңбекақысын кезең-кезеңмен арттыруға қатысты Үкіметке берген тапсырмасына да тоқталды.

«Егер пайымдауымша, биылдан қажетті шаралар қабылданатын болса, онда жоспарланған қадамдар 3-4 жылда жүзеге асады. Өздеріңіз білесіздер, соңғы кездері денсаулық сақтау саласына байланысты бірқатар тапсырма берілді. Президент 2025 жылға қарай мемлекеттік бағдарлама бойынша 20 ірі клиника салынатынын айтты. Өңірлерде медициналық ұйымдар нысандарының ескіргені белгілі. Сондықтан стационарлардың жаңарғаны дұрыс. Бұл тұрғыда аудан орталықтарындағы ауруханаларды жаңартуға назар аударылғаны жөн. Олардың қажетті құралдармен жабдықтау керек», - деді Мыңжылқы Бердіқожаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан Президентінің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 3-отырысында алдағы 5 жылда мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелерін медициналық техникамен 100 пайыз қамтамасыз ету керектігін жүктеді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы тапсырмасымен дәрігерді қылмыстық жазалау жүйесі қайта қаралады.

Айта кетейік, Президент дәрігерлердің жалақысын көтеруді тапсырды.


фото: 100janaesim.ruh.kz
Соңғы жаңалықтар