Мемлекет басшысының салықты көтермеу туралы ұсынысы аса өзекті - Қ.Құдайберген

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының салықты көтермеу туралы ұсынысы аса өзекті. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жаңа ғаламдық жағдайдағы Қазақстан: өсім, реформа, даму» Жолдауы туралы ойын қалалық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қайрат Құдайберген жеткізді.

«Мемлекет басшысы өз сөзінде шағын және орта бизнесті дамыту туралы көп мәселе көтерді. Бизнесті ынталандыру тетігі ретінде салық режімін үш деңгейін сақтай отырып (жалпы салық, ЖК үшін патент, ШОБ пен ауылшаруашылық секторы кәсіпкерлері үшін арнайы салық режімі) оңтайландыруды айтуға болады. Бұл салық әкімшілік рәсімдеуді жеңілдетіп, бизнесті көлеңкеден шығаруға, бюджетке түсетін түсімді арттыруға көмектеседі. Елбасының салықты көтермеуге үн қосқаны өте маңызды. Салық түсімі 20 пайызға төмендеген кезде салықты көтеру тығырықтан шығар жол емес», - деді ол.

Қайрат Құдайберген Мемлекет басшысының инвесторларды тарту бойынша кеңес құру керек деген бастамасын қолдады.

«Бұл елдегі инвестклиматты жақсартуға септігін тигізеді әрі шикізатқа тәуелсіз сектордың дамуына, осы бағыттағы жаңа технологиялардың енгізілуіне ықпал етеді», - деді ол.

Сарапшы жекешелендіру науқанының ел экономикасына оң әсер етерін жеткізді.

«Ауқымды жекешелендіру науқаны экономикамызда жаңа көшбасшыларды анықтауға септігін тигізеді. Бұл әсіресе, қазір еліміз ДСҰ қатарына заңды енген кезде өте өзекті. Нарық жағдайында бәсекеге ең қабілетті кәсіпорындар жеңіп шығатыны белгілі», - деді Қ.Құдайберген.

Оның айтуынша, бизнесте мемлекеттік-жеке әріптестіктің болғаны өте тиімді. Көптеген әлеуметтік жобалар екіжақты тиімді жағдайда жүзеге асады.

«Мұндай практика Алматыда кеңінен таралған. Жолдар, мектептер, аурухана, өзге де инфорақұрылымдық нысандардың құрылысына жеке инвесторлар тартылған. 2017 жылдан бастап тегін кәсіби-техникалық білім беру реформасы ел экономикасына мультипликативті эффект берері сөзсіз. Қазына қосымша әлеуметтік түсімдермен толығып, ел жағдайын оң әсер етері сөзсіз», - деп қорытындылады Қайрат Құдайберген.

Соңғы жаңалықтар