Мемлекет басшысының қатысуымен AMANAT партиясының съезі басталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен AMANAT партиясының съезі өз жұмысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

21 сәуірде партияның атқарушы хатшысы Асхат Оралов Президент осы жылдың 26 сәуірінде кезектен тыс XXIII Съезді шақыру туралы шешім қабылдағанын хабарлады.

Оған барлық өңірлерден делегаттар қатысады. Съезд онлайн форматта өтеді. Съезд барысында «ADAL» саяси партиясының «AMANAT» партиясына қосылуы туралы мәселе қаралады деп жоспарланған.

Бұдан бұрын хабарланғандай, өткен аптада Мемлекет басшысы «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Асхат Ораловты қабылдады.

Президент тұрғындармен кері байланыс жасау ісін күшейту, аймақтарда депутаттық фракциялардың тиімділігін арттыру және партияның жастар қанатын жаңғырту қажеттігіне баса мән берді. Мемлекет басшысы азаматтарды толғандырған мәселелерді шешу үшін «Amanat» партиясында барлық қажетті ресурс бар екенін атап өтті.

Президенттің пікірінше, партияның аймақтық филиалдары осы мәселеде негізгі рөл атқаруға тиіс және өз деңгейінде мазмұнды қоғамдық диалогты нығайтуы қажет.

Биыл наурыз айында «ADAL» партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали партияның AMANAT-қа қосылу шешімін түсіндірді.


Соңғы жаңалықтар