Мемлекет басшысының G20 саммитіне қатысуы біздің бизнеске нақты белгілер берді - Сержан Мәдиев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Үлкен жиырмалықтың» бұл жолғы саммиті қыркүйектің 4-5 күндері Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен болатын. Алқалы жиынға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысып, саммиттің бірінші сессиясында сөз сөйледі.

Жаһандық экономикалық проблемаларды шешу жолдарына қатысты ойымен  бөлісіп, оны шешудің бірқатар жолын да ұсынды.

Осы ретте ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқармасының төрағасы Сержан Мәдиев саммит қорытындысына қатысты өз бағасын беріп, Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың келешегіне қатысты пікір білдірді.

- Әлемдік экономика қиын кезеңді бастан кешіруде. Дәл осы жағдайда G-20 саммитінің Қытайда өтуі қандай маңызға ие?

- Менің ойымша, Қытайда G-20 саммитін өткізу туралы бастама дер уақытында көтерілді және барлық қатысушы елдер үшін пайдалы болды. Өйткені, әлемдік экономикадағы Қытай рөлі жылдан-жылға тек қана артып келе жатыр. Мәселен, Қытай экономикасындағы кейбір баяулауға қарамастан 2014 жылы бұл ел әлемде ішкі жалпы өнім бойынша бірінші орынға көтерілді.  Өткен жылы да Қытай экономикасы өзінің көшбасшылық орнын сақтап қала алды. Әлемдік ІЖӨ-дегі Қытайдың үлесі 17,08, ал АҚШ үлесі 15,8 пайызды құрады. Қытай жаңа шынайылық жағдайында белгілі бір деңгейде бейч-маркке айналып келеді. Бұл Қазақстан үшін айрықша маңызды. Өйткені, Қытай біздің тек көршіміз ғана емес,  сонымен бірге ірі сауда серіктесіміз де.

Жоғарыдағы таңдай қақтырарлық факторларды ескерер болсақ, ағымдағы жылдың 4-5 қыркүйек күндері Ханчжоу қаласында үлкен жиырмалық саммитінің өткізілуі - Бұл Қытайдың, сонымен қатар дамушы нарықтардың халықаралық экономикалық саясаттағы, ең алдымен қаржы нарықтарын жаһандық үйлестіру және оны реттеу жүйелерін жетілдіруді қамтамасыз етудегі рөлінің артып келе жатқандығын мойындау. Саммитте бүкіл әлем экономикасының 85 пайызын құрайтын мемлекеттердің көшбасшылары қатысты. Бұл жылдан-жылға осынау сұхбат алаңының рөлі артып келе жатқандығын білдіреді. Мұндай қорытындыны саммитте қаралған маңызды мәселелердің көптігі де қуаттай түседі.

Ханчжоудағы G20 саммитінде «Инновациялық өсім бойынша G20 жобасы», «Инновациялар бойынша G20 іс-қимыл жоспары», «Жаңа өнеркәсіптік төңкеріс бойынша G20 іс-қимыл жоспары», «Экономиканы сандық дамыту бойынша G20 ынтымақтастығының бастамалары» сынды жаһандық инновациялық даму мәселелеріне қатысты бірқатар жоба  талқылауға енгізілді. 

Ал енді саммитке біздің Мемлекет басшымыздың қатысуына келер болсақ, оның да нышандық мәні бар. Өйткені, біздің барлық бизнес, халқымыз және бүкіл экономикамыз Қытай экономикасының қалай дамуына қатты тәуелді болып отыр.  Бізді Қытайдың ашыла түсуі қуантады. Шекаралар жойылуда. Қытайдың экономикалық билігі өзінің серіктестерімен ұзақмерзімді қарым-қатынас орнатуға ұмтылып отыр, шекара ашық, мүмкіншіліктер берілген.  Сонымен қатар бұл мемлекет біздің тауарларымызға, инвестициямызға да есігін айқара ашты. Бұл біздің экономикамыз үшін өте маңызды. Себебі қазіргі уақытта жаһандық дағдарыс салдарынан қиындықтарды бастан кешірудеміз.  Қазақстан тек қана мұнайға ғана емес, сонымен бірге астығы мен ұнына және басқа да тауарларына байланысты экспорттаушы ел саналады. Қытай өзінің ауқымды нарығымен әр уақытта да маңызды серіктес болды және солай болып қала береді.

Президентіміздің G20 саммитіне қатысуы өте маңызды. Себебі Елбасы әр уақытта да Үкіметке ғана емес, сонымен қатар бизнеске де жоғары талаптар мен дұрыс бағыт-бағдар беріп отырады. Мемлекет басшысының сапары және оның аталған саммитке белсенді қатысуы біздің бизнес үшін белгілі деңгейде белгі берді. Қазақстан мен Қытай арасында көптеген келісімге қол қойылды. Бұл біз үшін жаңа мүмкіншіліктер ашады.

 - «Нұрлы жол» мен «Жібек жолы экономикалық белдеуін»  түйіндестіру ынтымақтастық үшін қандай мүмкіншіліктер ашады?

- Егер стратегиялық тұрғыда ойлайтын болсақ, онда дамудың жалғыз жолы күш-жігерді біріктіру болып саналады. Мәселен, «Үлкен жиырмалықта» не талқыланды? Фискалды және монетарлық билік іс-қимылын үйлестіру, реттеу бойынша күш-жігерді біріктіру қажет  екендігі айтылды. Демек, тек көрші елдер ғана емес, сонымен бірге экономикасы ұқсас мемлекеттер өздерінің Ұлттық банкілерінің, қаржы және экономика министрлерінің іс-қимылдарын үйлестіруі тиіс. Бұл өте маңызды. 

Мемлекет басшысы бастамашылық жасаған «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасы дер уақытында қолға алынды. Ол елдің көліктік инфрақұрылымын жаңғыртуда сапалық және сандық серпілісті қамтамасыз етуге бағытталған, бұған қоса сауда-экономикалық қарым-қатынасты қарқынды интернационализациялаудың заманауи тенденцияларын ескере отырып, мемлекеттің институттық және транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

«Нұрлы жол» бағдарламасының мәні  ұзақмерзімді әрі тұрақты өсім үшін іргетас қалауда. Ал «Жібек жолы экономикалық белдеуі» жобасының мәні өңір үшін ұзақмерзімді экономикалық өсім үшін іргетас қалыптастыруға негізделген. Жалпы, екі бағдарламаның да басты мақсаты ұқсас десек те болады.

Басты мақсаттардың бірі - бұл «Жібек жолы экономикалық белдеуінің» жалпы инфрақұрылымдық желісін қазақстандық желімен үйлестіру және тиімді түйіндестіру.  Бұл Қазақстанның транзиттік әлеуетін барынша арттыруға мүмкіндік береді.

«Нұрлы жол» таяу жылдардың ішінде еліміздің түрлену локомотиві бола алады. Бұл стратегиялық жобаны қолдау үшін  мемлекет тарабынан мол қаржының 4 млрд. доллардың бөлінуіне ғана байланысты емес.  жобаның табысты жүзеге асырылуы мүмкіншілігінің мол екендігін қазіргі уақытта оның аясында жүзеге асырылған ауқымды жұмыстарда дәлел бола алады. Бағдарлама жүзеге асырылатын 2015-2019 жылдары аралығында 395,5 мың жұмыс орны құрылады.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Қытай мен Қазақстан арасында 45 бірлескен жоба бойынша уағдаластыққа қол жеткізді. Оның ішінде жалпы құны 23 млрд. долларды құрайтын 25 жоба бойынша қазіргі уақытта келісімге қол қойылды. Бұл жобалардың Қазақстанның «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасы мен Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» стратегиясы арасындағы синергия үшін негіз қалары сөзсіз.

Бұған қоса, қазақстандық және қытайлық бастамаларды табысты түйіндестіру үшін Ляньюньган портында логистикалық терминалды пайдалануға беру, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автомобиль жолын салу, «Қорғас» халықаралық орталығын іске қосу сынды қадамдар жасалды. «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасы жайында айтар болса, оның Қазақстан үшін де, жалпы өңір үшін де маңыздылығын атап өткен орынды. Мәселен, жоба жүзеге асырылғаннан кейін Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдау уақыты мен ара қашықтығы айтарлықтай қысқарады. Бұл дәлізбен жүріп өтуге небәрі 10 тәулікке жуық уақыт керек.  Ал «Транссібірмен» жүк тасымалдауға 14 күн, теңіз дәлізі арқылы 45 күн уақыт кетеді. Жоба  іске қосылғаннан кейін халықаралық дәлізбен жылына 30 млн. тоннадан астам жүк тасымалданатындығы күтілуде.

Толықтай алғанда, біздің көзқарасымызша, «Нұрлы жол» бағдарламасы қытайлық бастамаларымен түйіндесу әлеуетіне ие бола отырып, жаңа көжиектер ашумен қатар елдер арасындағы одан арғы стратегиялық серіктестіктің ядросы бола алады.

Біздің бағдарламалар ұзақмерзімді, олар келесі буынның да мүддесіне сай келеді. бұл өте маңызды жайты. Сондықтан да жоғары деңгейдегі кездесулер жаңа экономикалық идеяларға серпін береді. Бірде-бір мемлекет жеке-дара жүріп дами алмайды.

«Нұрлы жол» мен «Жібек жолы экономикалық белдеуі» бағдарламалары қатысушы елдер мен жалпы өңірдің  экономикалық дамуы үшін жаңа өсім нүктесі болады деп есептеймін.

- Жібек жолы қоры мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруға үлес қоса алады деп ойлайсыз ба?

- Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі мен Жібек жолы қоры азиялық өңірдегі инфрақұрылымның ірі инвесторы саналады. АИИБ жарғылық капиталы 100 млрд. долларға тең және құрылтайшылар қатарында 57 ел бар.

Жібек жолы қорының жалпы капиталы болжамға сәйкес 40 млрд. долларға тең болмақ. Дегенмен оны құру бірнеше кезеңмен жүргізіледі. Бүгінгі таңда Жібек жолы қорының қаржысы 10 млрд. долларға жетіп отыр. Оның 65 пайызы ҚХР алтын-валюта қорынан, 15 пайызы Қытай инвестициялық корпорациясынан, 15 пайызы Қытай Экспорт-импорт банкінен және 5 пайызы Қытай даму банкінен бөлінген. Бұған қоса, қорды қалыптастырудың келесі кезеңінің жүргізілу мерзімі жарияланып отырған жоқ.

Жібек жолы қоры 2014 жылдың желтоқсан айында «Жібек жолы экономикалық белдеуі» және «21-ші ғасырдағы теңіздегі Жібек жолы» бастамаларын іске асыру мақсатында құрылған. 2015 жылдың ішінде қор эксперттік бағалауға сәйкес жалпы сомасы 4,5 млрд. долларды құрайтын жобаларды қаржыландырған.

Бүгінгі күні Қазақстанның аталған қормен келісімшарты бар екендігін атап өткен орынды.  Мәселен, 2015 жылдың 14 желтоқсанында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» мен Жібек Жолы Қоры арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.  Меморандум ұйымдардың ынтымақтастығын және Қазақстанның басым индустриялық жобаларына сомасы 2 млрд. долларға дейін қытайлық инвестицияны тартуды көздейді.

2016 жылдың маусым айының соңында Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі Бангладеш, Индонезия, Пәкістан және Тәжікстандағы алғашқы төрт жобаны қаржыландыру үшін 509 млн. доллар бөлді. Қаржы энергетика, қала салу және көлік салаларын дамытуға жұмсалады. Бұл институттардың мақсаттары «Нұрлы жол» бағдарламасының мақсаттарымен қиылысып жатады. Сондықтан олар «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруға үлес қоса алады.

Қазақстан инвестициялардың таза түсімі көлемі бойынша теңізге шығар жолы жоқ елдер арасында әлемде бірінші, ал ТМД елдері арасында Ресейден кейін екінші орында тұр. Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан 220 млрд. доллардан астам тікелей шетел инвестициясын тарта алды. Мұндай көлемдегі инвестицияны тартуға ел басшылығының инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған мынадай кешенді шаралары өз септігін тигізді:  стратегиялық бағдарламалар қабылдау, экономикалық реформалар жүргізу, заңнамалық базаны қайта қарау, кедендік және салық режімдерін жақсарту, инвестициялық инфрақұрылымдарды күшейту және инвесторларды қорғау.

Тағы бір айта кетер жайт, «үлкен жиырмалық» саммитінде  біздің дәуіріміздің айырмашылық ерекшелігі сандық және интернет технологиясы екендігін барлығы да мойындады. Жаңа өсім нүктелері ақпараттармен,  онлайн қызметтермен, шекараға байланбай интерактивті және нақты білім берумен байланысты.

Сондықтан да қазіргі уақытта көпшілігі шекараны жауып дербес дамуға ұмтылған кезде технология бұл шекараларды жеңіл ғана сырып тастайды. Меніңше, кедергілер жасауға, салықтарды өсіруге, бәсекеге қабілетсіз бизнесті қолдауға босқа күш жұмсағанша, ұзақмерзімді келешекте бәсекелестік ортаны қолдауға әрі дамытуға баса назар аударған дұрыс. Бұл міндетті түрде өз жемісін береді.

- Сұхбатыңызға рахмет!

 
Соңғы жаңалықтар