Мемлекет басшысы волонтерлерді жұмылдырудың халықаралық жылын жариялауды ұсынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еріктілердің айрықша рөлінің белгісі ретінде БҰҰ-ға Даму мақсатында волонтерлерді жұмылдырудың халықаралық жылын жариялау керек. Бұл туралы БҰҰ Бас Ассамблеясы 75-сессиясының жалпы саяси дебаттарында сөз сөйлеген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Азаматтарымыз 2030 жылға дейінгі орнықты дамудың күн тәртібі шеңберінде қол жеткізген нақты нәтижелерден зор үміт күтеді. Орнықты дамудың мақсаттарына қол жеткізу жөніндегі іс-қимылдардың онжылдығы аясында атқарылатын бірлескен іс-әрекеттердің бұрынғы қарқынын қайта қалпына келтіру үшін жедел әрі үйлесімді жұмыс жүргізу қажет. Бұл біздің ұрпағымыз үшін алдағы ең маңызды онжылдық болып табылады. Басты мақсатқа, яғни әлемдегі аштықты толық жоюға қол жеткізуіміз керек. Осыған байланысты біз 2021 жылы Азық-түлік жүйелері жөнінде саммит өткізудің маңыздылығын атап өтеміз», - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның бастамасымен құрылған Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы азық-түлік қорларын құру арқылы ауқымды халықаралық гуманитарлық науқанға өз үлесін қосуға дайын екендігін баса айтты.

«Біз бірде-бір адамды, әсіресе, дағдарыстың тауқыметін тартқан әйелдерді, жастарды, балаларды, қарттарды, мүгедектерді қолдаусыз және көмексіз қалдырмау жөніндегі міндетімізді нақтылауға тиіспіз. «Ұрпақтың азып-тозуына алып келетін апатты» болдырмау үшін білім беру жүйесі тарихындағы ең үлкен тоқырауға жол бермеуіміз керек»,- деді ҚР Президенті.

Мемлекет басшысы қазіргі замандағы өзекті мәселелерді тиімді шешуге азаматтық қоғам мен жеке сектордың белсенді атсалысуы өте маңызды екендігіне де айрықша назар аударды.

«Биыл волонтерлік қозғалыстың бүкіл әлем халқының ынтымақтастығына серпін бергеніне куә болдық. Еріктілердің айрықша рөлінің белгісі ретінде БҰҰ-ға Даму мақсатында волонтерлерді жұмылдырудың халықаралық жылын жариялауды ұсынамын. Биыл Қазақстанда волонтерлер жылы деп жарияланды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар