Мемлекет басшысы ұлттық нейрохирургия орталығын 15 жылдығымен құттықтады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордадағы ұлттық нейрохирургия орталығының құрылғанына 15 жыл толды. Айтулы дата орталық ұжымын және барша сала мамандарын ҚР Президенті құттықтау жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы атынан құттықтауды ҚР Премьер-Министрдің орынбасары, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова оқып берді.

«Сіздерді ұлттық нейрохирургия орталығының құрылғанына 15 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын. Осы кезеңде клиника Қазақстанға ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірінде нейрохирургия саласының көшбасшысына айналды. Сіздердің қажырлы жұмыстарыңыздың арқасында біздің отандастарымыз ең үздік әлемдік практика мен мен бірегей жоғары технологиялық емдеу әдістеріне қол жеткізіп отыр. Әлемдік медицина қоғамдастығы кеңінен мойындаған сіздердің ғылыми және кәсіби жетістіктеріңіз отандық медицинаның сапалы өсуінің жарқын үлгісі. Қазіргі таңда ұлттық нейрохирургия орталығы біліктігі жоғары медицина мамандарының шеберханасына, олардың кәсіби білім мен тәжірибе алмасуына қажетті алаңға айналды. Клиниканың дәрігерлері мен барлық қызметкері адал еңбек етіп, ұлтымыздың саулығын нығайтуға зор үлесін қосып келеді. Мемлекет денсаулық сақтау саласын кешенді түрде дамытып, медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеру және оларды жан-жақты қолдау бойынша жүйелі шараларды қабылдап келеді. Керемет хирург және Қазақстанның нағыз патриоты Серік Қуандықұлы Ақшолақов бастаған нейрохирургия ғылыми орталығының ұжымына амандық, пациенттердің әрдайым сау-саламат болуын және ғылыми мен медицина саласында жаңа жетістіктерге жете беруді тілеймін», - делінген құттықтау хатында.

Айта кетейік, елордада отандық нейрохирургтардың V конгресі өтіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар