Мемлекет басшысы ұлттық инновациялық жүйе құруды ұсынды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Алматыда Инвестициялар және даму министрлігінің ұйымдастыруымен өткен инновациялық форум барысында ұлттық инновациялық жүйе құруды ұсынды.

«Инновация кез келген экономика, кез келген кәсіпорын бәсекелестігінің негізі. Барлық кәсіпорындар білімге негізделіп жұмыс жасауы керек. Біз өндірістен қалған қаржының 1 пайызын ғылыми-зерттеу тәжірибелік констуркциялық құрылымдарды жасауға жұмсап жатырмыз. Қазір бұл өзін өзі ақтауда. Біз ұлттық инновациялық жүйені құратын боламыз. Жүйе негізгі үш бағыттан: мемлекет, ғылым, бизнестен тұрады», - деді Елбасы.

Сонымен қатар, Президент инновациялық дамуға байланысты байқаулар ұйымдастырып тұруды ұсынды.

Оның ойынша, мұндай қадам халықаралық аренада бәсекелестікті арттыруға көмектеседі.

«Бұл бізге дамыған 30 елдің қатарына ену үшін өте қажет. Қазір біз ДСҰ-ға кіруге дайындалып, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен жұмыс жасап жатырмыз. Бұл ұйым Еуразиялық экономикалық одақпен серіктес болатынына сенімдімін. Яғни, Халықаралық нарыққа шыққан сайын бәсекелестік арта түседі. Артта қалып қоймас үшін инновациялық дамуды қалай ынталандыру керектігін ойластыру керек. Мүмкін, арнайы байқау ұйымдастырып, кезеңаралық нәтижелерін жариялап отырған дұрыс шығар. Бұл бизнеске үлкен серпін берер еді», - деді Мемлекет басшысы.

Соңғы жаңалықтар