Мемлекет басшысы тұтынушылар құқығын қорғау қызметін ретке келтіруді тапсырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевқа ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті қызметін тексеруді тапсырды. Бұл тапсырманы Президент Ақордада Қауіпсіздік кеңесінің отырысында жүктеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осы жұмыстармен айналысуы тиіс өкілетті органдар әрекетсіздікті көрсетуде және тарифті қалыптастыру саласындағы тәртіпсіздікке енжарлық танытуда. Ешкім де бақылау жасап жатқан жоқ.

Бәрінен бұрын осы мәселеге Ұлттық экономика министрлігі тиісті деңгейде назар аудармауда, оған бағынышты монополияға қарсы ведомство өкілдері өз жұмыстарын еңсере алмай жатыр.

Монополияға қарсы комитет әрдайым ұстанымдылық танытып, тұтынушылар құқығын қорғауға екпін қоюы тиіс. Премьер-Министрге аталған комитет қызметін реттеуді тапсырамын. Бұл тұрғыда барлық өңірлік монополияға қарсы ведомстволар деңгейінде жұмыс тиімділігіне баға беру қажет», - деді Президент.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында ҚР Бас прокуроры Қайрат Қожамжаров коммуналдық тарифтер саласына жүргізілген тексерудің нәтижесін жариялады.

«Бұл тұрғыда көптеген қаржылық бұзушылықтар анықталды. Монополистер тарапынан өзіндік шығындарын қасақана көтеру және 29 млрд теңге сомасында олардың күмәнді келісімдері белгілі болды», - деді Бас прокурор. Осы орайда ол тариф құрамында қызметкерлерге арналған бонустар мен сыйлықақылар негізсіз қамтылып отырғанын атап өтті.

Бұдан бөлек, шығыстарды арттыру мақсатында әдейі түрлі үлестес кәсіпорындар, оның ішінде жоғары бағамен жөндеу жұмыстарын жүргізуге әрі жабдықтар сатып алуға сервистік компаниялар құрылған.

Соңғы жаңалықтар