Мемлекет басшысы төрт елдегі елшілерді тағайындады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы төрт елдегі елшілерді тағайындады, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Бақыт Амангелдіұлы Дүйсенбаев Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды. Ол Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі лауазымынан босатылды.

Нұрғали Алмасбайұлы Арыстанов Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі лауазымына тағайындалды.

Ақылбек Әбсатұлы Камалдинов Қазақстан Республикасының Хорватия Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды. Ол Қазақстан Республикасының Канададағы Төтенше және өкілетті елшісі лауазымынан босатылды.

Қазақстан Республикасының Сингапур Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Асқар Сейдахметұлы Құттықадам Қазақстан Республикасының Аустралия Одағындағы, Жаңа Зеландиядағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы болып тағайындалды.

* * *

Бақыт Амангелдіұлы Дүйсенбаев – Қазақстанның Чехиядағы елшісі 1970 жылы 8 наурызда Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін және Ресей СІМ Дипломатиялық академиясын бітірген. Дипломатиялық қызметін 1993 жылы Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Халықаралық экономикалық қатынастар басқармасының референті ретінде бастады.

1994 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында ҚР СІМ Мемлекеттік протокол басқармасының референті, атташесі болып жұмыс істеді.

1994-1996 жылдары Ресей СІМ Дипломатиялық академиясын оқып аяқтағаннан кейін 1996-1997 жылдары Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінде атташе лауазымында жұмыс істеді.

1997-1999 жылдары ҚР СІМ Орталық аппаратында Үшінші департаменттің Еуропа және Америка басқармасының екінші хатшысы, ал 1999-2003 жылдары Испаниядағы ҚР Елшілігінің екінші, бірінші хатшысы болып жұмыс істеді.

2003-2004 жылдары ҚР СІМ Еуропа және Америка департаментінің басқарма бастығы, директордың орынбасары, директоры лауазымдарын атқарды, ал 2004-2009 жылдары Испаниядағы ҚР Елшілігінде кеңесші, кеңесші-уәкілі болып жұмыс істеді.

2009-2012 жылдары ҚР СІМ Еуропа департаменті директорының орынбасары болды.

2012-2018 жылдары Қазақстан Республикасының Испания Корольдігіндегі Елшісі, Дүниежүзілік туристік ұйым жанындағы ҚР Тұрақты өкілі болып тағайындалды.

2015-2018 жылдары – Андорра Княздігіндегі ҚР Елшісі қызметін қоса атқарушы. Қазақстанның Чехиядағы Елшісі болып тағайындалғанға дейін 2018 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Елшісі болды. Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық дәрежеге ие. Ағылшын, испан және итальян тілдерін меңгерген.

* * *

Нұрғали Алмасбайұлы Арыстанов – Қазақстанның Корея Республикасындағы елшісі 1978 жылы 31 мамырда Қызылорда облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін және Дж. Хопкинс (АҚШ) университетін бітірген. Өзінің дипломатиялық мансабын 1999 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Екіжақты ынтымақтастық департаментінің референті болып бастады.

2000 жылы Қазақстанның Пәкістандағы Елшілігіне жұмысқа кетіп, 2004 жылға дейін референт, атташе, үшінші хатшы лауазымдарын атқарды.

2004-2005 жылдары ҚР СІМ Азия және Африка департаментінің екінші хатшысы болып жұмыс істеді.

2005-2009 жылдары – Үндістандағы ҚР Елшілігінің екінші, бірінші хатшысы.

2009-2010 жылдары – ҚР СІМ Америка департаментінің бірінші хатшысы, кеңесшісі.

2010-2017 жылдары Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігінің бірінші хатшысы, кеңесшісі болды. 2017 жылдан бастап ҚР СІМ Орталық аппаратында жұмыс істеп, 2019 жылға дейін ҚР СІМ Америка департаментінің басқарма басшысы, директордың орынбасары болды.

2019 жылдың қазан-желтоқсан айлары аралығында ҚР СІМ Жалпыазиялық ынтымақтастық департаментінің директоры қызметін атқарды.

2019-2021 жылдары ҚР СІМ Азия-Тынық мұхиты өңірі департаментінің директоры болды. Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Елшісі болып тағайындалғанға дейін 2021 жылдан бастап ҚР СІМ Америка департаментінің директоры болды. ІІ сыныпты Төтенше және өкілетті уәкіл дипломатиялық дәрежеге ие. Ағылшын тілін меңгерген.

* * *

Ақылбек Әбсатұлы Камалдинов – Қазақстанның Хорватиядағы Елшісі 1961 жылы 15 қарашада Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін және ҚР Дипломатиялық академиясының СІМ құрылымдық бөлімшелерінің елшілері мен басшыларының біліктілігін арттыру курстарын бітірген.

Еңбек жолын М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Азия және Африка елдері институтының тағылымдамашы-зерттеушісі ретінде бастаған.

1992-1993 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазМУ жапон тілінің оқытушысы болды. Дипломатиялық қызметін 1993 жылы бастап, 1997 жылға дейін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Бас консулдық басқармасының үшінші, екінші, бірінші хатшысы болып жұмыс істеді.

1997-2001 жылдары Қазақстанның Жапониядағы Елшілігінің екінші, бірінші хатшысы болды. 2001 жылдан бастап ҚР СІМ Орталық аппаратында жұмыс істеді және 2003 жылға дейін ҚР СІМ Екіжақты ынтымақтастық департаментінің Шығыс Азия бөлімінің бастығы болды.

2002-2003 жылдары ҚР СІМ Азия, Таяу Шығыс және Африка департаментінде басқарма бастығы, директордың орынбасары қызметтерін атқарды.

2003-2007 жылдары – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің сыртқы байланыстар бөлімінің меңгерушісі.

2007-2016 жылдары Қазақстанның Жапониядағы Елшісі болып тағайындалды.

2016-2018 жылдары – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары. Қазақстанның Хорватиядағы Елшісі болып тағайындалғанға дейін 2018 жылдан бастап Қазақстанның Канададағы және Куба Республикасындағы қоса атқарушы Елшісі болды. Төтенше және өкілетті елші дипломатиялық дәрежеге ие. Ағылшын және жапон тілдерін меңгерген.


Соңғы жаңалықтар