Мемлекет басшысы СҚО-дағы егін жинау науқанының барысымен танысты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары Қызылжар ауданы Бәйтерек ауылындағы «Сервис Жарс» ЖШС-нің ауыл шаруашылығы алқабына барудан басталды.

Мемлекет басшысы кәсіпорынға қарасты егістік жерлердің жағдайымен танысып, егін жинау жұмыстарына пайдаланылатын ауыл шаруашылығы техникаларын көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы кәсіпорнының жетекшілерімен және механизаторлармен әңгімелесу барысында биылғы Жолдауында бұл сала бойынша тиісті міндеттер жүктегенін еске салды.

– Біз субсидия саласындағы саясатымызды жетілдіріп, реттеуіміз керек. Аталған мәселеге Жолдауымда арнайы тоқталдым. Бұл жерде бәрі айқын болуы керек. Болашақта субсидиялар мүлдем жойылып, оның орнына пайызы төмен несиелер болады деген пікір бар. Алайда, қазіргі уақытта біз ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қолдау көрсетуіміз қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев дайын әрі өңделген өнімнің, соның ішінде ұнның экспортқа шығарылу көлемі төмендегенін атап өтіп, қолайлы тариф саясаты қажет екеніне назар аударды.

– Біз дәстүрлі түрде Өзбекстан, Түрікменстан, Ауғанстан елдерінің нарығына ұн жеткіземіз. Жалпы Үкімет, Сауда минситрлігі тарифті реттеу мәселесімен нақты айналысуға тиіс. Үкімет келешекте астыққа экспорт салығын енгізу мәселесін көтеріп отыр. Бірақ, қазір қалыптасқан ахуалды ескере отырып, бұған әлі ерте деп ойлаймын. Сондықтан тауар өндірушілерге, әсіресе ұн шығаратын кәсіпкерлер үшін субсидия механизмін қайта іске қосуымыз керек. Біз қосымша құнының деңгейі жоғары дайын әрі өңделген өнімдерді экспорттауға тиіспіз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенін озық техникамен қамтамасыз ету қажет екеніне назар аударды.

– Үкімет ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін осындай техникалармен қамтамасыз етуге көмек беруі керек. Егер заманауи техника болмаса, біздің ауыл шаруашылығымыз дамымайды. Бұл – анық дүние. Сондықтан Үкімет менің тапсырмам бойынша тиісті жұмыстарды жалғастырады. Екіншіден, бұл техникалар ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне қол жетімді болуы керек. Несиеге қатысты саясат жалғаса береді. Несие мөлшері төмен болуы тиіс. Мен бұл мәселеге баса мән беремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар