Мемлекет басшысы: Сайлау нәтижесін халқымның батасы деп білемін

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы ҚР Президентін ұлықтау рәсімінде алдағы 7 жылды бүгінгі буынның және келешек ұрпақтың алдындағы борышымды өтеуге күш салатынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шын мәнінде, ел сенімін еш нәрсемен өлшеу мүмкін емес. Халықтың сенімі – ең құнды нәрсе. Сайлау нәтижесін халқымыздың саяси бағдарыма – бағасы, алдағы жоспарыма – батасы деп қабылдаймын. Халқының қолдауына ие болып, ел тізгінін ұстау – ер азамат үшін ең биік мәртебе әрі орасан зор жауапкершілік», - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың сенімін өзіне берілген аманат деп қабылдайтынын атап өтті.

«Алдағы 7 жылды бүгінгі буынның және келешек ұрпақтың алдындағы борышымды өтеуге берілген бірегей мүмкіндік деп білемін. Қазақта «аманат» деген асыл ұғым бар. Халқымның сенімі – маған аманат. Осы аманатқа адал болу – мен үшін қасиетті парыз. Ел үмітін ақтап, Қазақстанды өркендеген, бақуатты мемлекетке айналдыру үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын», - деді Мемлекет басшысы.

Еске салсақ, ҚР Орталық сайлау комиссиясының шығарған қорытындысы бойынга 20 қарашадағы кезектен тыс президент сайлауында кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылардың 81,31 пайыз дауысын жинап, жеңіске жеткен болатын.

Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президентінің ант беру күнін 26 қарашаға белгілеген еді.


Соңғы жаңалықтар