Мемлекет басшысы Петропавлдағы С.М. Киров атындағы зауытта болды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Қасым-Жомарт Тоқаев С.М. Киров атындағы зауытқа барды, деп хабарлайды Ақорда.

Мемлекет басшысы кәсіпорынның өнімдерімен танысып, көпқабатты баспа тақтасын шығаратын және бөлшектерді құрастыратын цехтарды аралап көрді. Президентке компанияның қазіргі жұмыстарының есебі беріліп, кәсіпорынның технологиялық тұрғыдан одан әрі жаңғыртылу жоспары баяндалды.


Кәсіпорын директоры Амангелді Арғынбаевтың айтуынша, елімізде алғаш рет көпқабатты баспа тақтасын өндіру ісінің жедел іске қосылуы әлемдік стандартқа сәйкес бұйымдар шығаруға мүмкіндік береді. Бұл республика экономикасының түрлі салаларында қолданылып, келешекте экспортқа шығарылатын болады.


500-ден астам адам жұмыс істейтін кәсіпорын отандық машина жасау саласының көшбасшысы саналады. Зауыт темір жол, мұнай-газ, энергетика салаларында пайдалану үшін азаматтық және әскери мақсатқа арналған 100-ден астам өнім түрін шығарады.


Соңғы жаңалықтар