Мемлекет басшысы өзгерістерді өзінен бастады – заңгер Президент Жолдауының орындалуы туралы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі Серік Ақылбай елдегі елеулі саяси өзгерістердің бәрі Президенттің Жолдауынан бастау алып жатқанын айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық құрылтай мүшесі ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында Президент Жолдауының орындалу барысын заңнамадағы өзгерістер тұрғысынан сараптап берді.

«Жалпы мен заңгер болғандықтан Президенттің өзгерістерді заңнан бастағанына ризамын. Бұл өте дұрыс. «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан», «Заңның үстемдігі» деген үш қағидасы бар. Соның ішінде заң үстемдігіне аса қатты көңіл бөлу керек, бөлініп те жатыр. Бәрі бірден емес, ақырындап болады.

Ең бірінші Президенттің бүкілхалықтық референдум жасағаны, Конституцияға, конституциялық заңдарға өзгерістер енгізгені, мұның бәрі біздің мемлекеттің жоспарлы түрде, белгіленген қарқынмен алға жылжып келе жатқанын көрсетеді», - дейді сарапшы.

Оның пайымынша, ешбір ел салған жерден мықты мемлекет бола қалмайды.

«Бізде де жіберіп алған, тәуелсіздіктен бері келе жатқан біраз қателіктер бар. Солардың бәрі қазір ашылып, жөнделіп жатыр.

Өзгерісті Президент өзінен бастады. Біріншіден, Президенттің көптеген өкілеттігі Парламент пен Үкіметке берілді. Екіншіден, оның жақын туыстарының мемлекеттік жоғары лауазымда және квазимемлекеттік мекемелерде жұмыс істей алмайтыны туралы құжат қабылдады. Бұл өте дұрыс. Енді суперпрезиденттіктің жолы кесіліп отыр», - деді Ұлттық құрылтай мүшесі.

Сарапшы кезінде Конституциялық сот институты болғанын еске алды.

«Үшіншіден, Конституциялық Соттың құрылуы өте дұрыс болды. Білесіздер, 1993 жылға дейін бізде Конституциялық Сот болған. Кейін оны Конституциялық Кеңеске айналдырды. Себебі Конституциялық Сот – Президентке бағынатын мекеме емес. Байқасаңыздар, Президент бұдан былай 7 жылға бір-ақ рет сайланады. Мұның өзі үлкен өзін-өзі шектеу. Ал Конституциялық сот 8 жылға тағайындалады. Оны Парламенттегі қос палата өкілдерінің басшысы сайлаған. Сонда Сенат депутаттары 6 жылға, Мәжіліс депутаттары 5 жылға, Президент 7 жылға сайланады. Яғни, биліктің ешбір тармағы Конституциялық сотқа үкімін жүргізе алмайды. Мысалы, таяуда ғана Конституциялық Сот сотталғандардың соттылықтан арылғаннан кейін мемлекеттік қызметке, басқа жерге бару туралы шешім шығарды. Ал бұрын бір рет сотталдың ба, сотттылығыңнан қанша арылсаң да, ешқандай жұмысқа, ешқайда бара алмайтынсың. Шектеу өмірбақилық болатын. Әрине, ондай адамның соттан арылғаны туралы сот қаулысы болады. Бірақ ол ештеңе шешпейді. Сондықтан бұл үлкен демкоратиялық үрдіс деп санаймын. Адам өмірде бір рет қателесуі мүмкін, бірақ өмір-бақи қателеспейді ғой. Сондықтан, Конституциялық Соттың бұл шешімі – үлкен өзгерістің басы», - дейді Серік Ақылбай.

Заңгер Жолдауда айтылған бастамалардың орындалғанын жуықта өтетін сайлаудан да көріп отыр екен.

«Араға жылдар салып, қайтадан пропорционалдық мажоритарлық жүйеге көштік. Бұл да бұрын болған нәрсе. Кезінде Амангелді Айталы, Мұхтар Шаханов, Шерхан Мұртаза сияқты мықты-мықты депутаттар болды. Олардың бәрі мажоритарлық жүйемен келген, яғни, халық тікелей сайлаған. Олар биліктен сескенбейтін, көп нәрсені ашып айтатын. Кейінгі кезде депутаттар тек партиялық тізіммен келді. Ондай депутаттар ұнамай жатса, оп-оңай алып тастайтын болды. Одан кейін сайлауға 7 партия қатысып жатыр. Соның өзі де көп нәрсені көрсетеді. Сосын байқап отырсаңыздар, процесс кезінде тіркеу мәселесі, кандидаттарды тексеріп, алып тастаған жағдайлар болды. Солардың кейбірі сот арқылы қайтадан кандидаттығын қалпына келтіріп жатыр. Бұрын ондай мүмкін емес еді. Бір рет алып тастаса, болды, қайтпайтын. Яғни, заң жұмыс істей бастады. Заңның үстемдігі көріне бастады. Президенттің Жолдауы бағанадан бері мен айтқан бағыттардың бәрін көрсеткен. Сол бағыттарды біз орындап келеміз. Таяуда Президенттің сөйлеген сөзіне қарасақ, осы сайлаудан кейін де тағы жаңа бағыттарды белгілейтін сияқты», - дейді сарапшы.

Серік Ақылбай сыртқа заңсыз кеткен активтердің елге қайтарыла бастағанын да Жолдаудың жемісі ретінде көреді.

«Елден бұрын ұрланған, сыртқа шығып кеткен қаншама ақша қайтарылып жатыр?! Кімнің қайда қанша ақшасы бар екені түгел тексеріліп, тізімге алынып жатыр. Жекешелендірулер кезінде заңсыз беріліп кеткен талай нәрсе кейін қайтты. Әлі де қайтады. Бұл бастамасы ғана. Оны халық көріп отыр. Сондықтан мен Президенттің Жолдауынан кейін көп нәрсе жасалды деп ойлаймын. Бұл тек қана бастамасы. Алдымызда бізді үлкен-үлкен өзгерістер күтіп тұр. Мемлекетіміздің дамитынына мен кәміл сенемін. Қазірдің өзінде жалпы ішкі өнім соңғы үш айдың көрсеткіші бойынша 4,2 пайыз өсім көрсетіп отыр. Яғни, экономикамыз да алға жылжып келеді. Мемлекетте саяси тұрақтылық бар. Ең бастысы мемлекеттің шынымен дамитынына халықтың үлкен сенімі бар», - деп түйіндеді Ұлттық құрылтай мүшесі.


Соңғы жаңалықтар