Мемлекет басшысы: Отандық өңдеушілер өзіміздің шикізатқа қол жеткізе алмай отыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының иегерлерін марапаттау салтанатында сөйлеген сөзінде отандық өңдеушілердің басындағы маңызды проблеманы атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үшінші – Қазақстанда шынайы индустрияландыруға қолайлы жағдай табанды түрде жасалып жатыр. Өнеркәсіп саясаты туралы арнайы заң қабылданды. Ол жоғары және орта бөліністегі өнімдерді өндірушілерді қолдау шараларының кең пакетін ұсынады. Алайда оның кейбір заңнама нормалары әлі де кешеуілдеп жатыр. Қазақстандық өндірушілердің отандық шикізатқа қол жеткізуі мүмкін еместігі туралы шағымдары түсіп жатыр», - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің мәліметі бойынша, тау-кен металлургия саласындағы ірі кәсіпорындар кезекті бөліністегі өнім жасаудың орнына ресурстарды сыртқа шығарып әкетуді жөн көреді.

«Қазақстандық қайта өңдеу өнеркәсібіне қолжетімді шикізат қалай да жеткіліксіз. Бұл кабель, аккумулятор, алюминий бұйымдары сияқты басқа да жоғары бөліністегі тауарларға қатысты. Үкіметке әр өтінішті жіті қарап, қажет деген жүйелі шаралар қабылдау керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, осынау салтанатты шара аясында үздік деп танылғандарға «Қазақстанның үздік тауары», «Qazaqstan Project Management Awards -2022», «ТМД бойынша сапа саласындағы 2021 жылдың сыйлығы» сияқты кәсіпкерлік бағыттағы марапаттар да табысталды.

Сондай-ақ, «АруАна», «Бизнес Кемелдiлiк», «Іскер», «Ұлы дала елі» сыйлықтарының жеңімпаздары да марапатталды.

Биыл «Алтын сапа» сыйлығына 281 үміткер өтінім тапсырған. Сарапшылар соның ішінен ірі, орта және шағын бизнес бойынша 14 бизнес нысанын 4 аталым негізінде іріктеп алды.


Соңғы жаңалықтар