Мемлекет басшысы: Министрлер мен әкімдер бүгінгі сыннан сабақ алуы тиіс

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев министрлер мен әкімдерді не үшін сынағанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осында отырған барлықтарыңызды, яғни Үкімет мүшелері мен әкімдерді таңдап отырып тағайындадым. Сіздер басқа мемлекеттік қызметшілерді тағайындадыңыздар. Сондықтан біздің бір-біріміздің алдымыздағы жауапкершілігіміз бірдей. Әрқайсыңды мен білемін. Қандай әлеуеттерің, білімдерің, тәжірибелерің бар екенінен хабардармын. Бүгінгі Үкімет алдында қандай мақсат тұрса да, оны істей алады. Бірақ өзін-өзі қамшылап, жұмыс істеуі тиіс. Күндіз-түні жұмысты ойлау керек», - деп тоқталды Елбасы.

Осы орайда Президент бүгін отырыс барысында айтылған сыннан министрлер мен әкімдер сабақ алуы қажеттігін қадап айтты.

«Мен сіздерді ренжіту үшін сынаған жоқпын. Сіздерге сенгеннен кейін осының барлығын айтып отырмын. Жұмыс істеу қолдарыңнан келеді. Сондықтан бүгінгі айтылған мәселелер маңызды. Үкімет пен әкімдер бірігіп, халықтың мақсаты үшін жұмыс істеп, табысын көтеріп, әл-ауқатын жақсартуы тиіс», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасының атап өтуінше, стратегиялық мемлекеттік бағдарламалар мен басқа да міндеттер сапалы әрі тиімді орындалуы қажет. Сәйкесінше, Үкімет осы бағыттағы шараларды басты назарға алуы керек.

Айта кетейік, Астанада Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысы өтіп жатыр.

Президент бірқатар саладағы түйіткілді мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, банк саласындағы былықтар, келешегі жоқ компаниялардың несиелендірілуі, жылына 60 мың тонна ет экспорттау жоспарының орындалмауы, жеңіл өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы салаларындағы толассыз импорт, көлеңкелі экономикамен күрестің әлсіздігі және тағы да басқа мәселелер қозғалды.

Соңғы жаңалықтар