НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Зайд Әл Нахаянмен кездесті, деп хабарлайды Ақорда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ Президенті шейх Халифа бен Зайд Әл Нахаянның қайтыс болуына байланысты осы елдің жаңадан сайланған Президенті, Абу Дабидің билеушісі шейх Мұхаммед бен Зайд Әл Нахаянға және билеуші әулеттің мүшелері мен Әмірліктер халқына көңіл айту үшін Біріккен Араб Әмірліктеріне келді.
«Әмірліктердің ел ішіндегі және халықаралық деңгейдегі көптеген жетістігі шейх Халифаның есімімен байланысты. Оның дана басшылығымен БАӘ Таяу Шығыстағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың күшті жақтаушысы болды, сонымен қатар бүкіл араб әлемі үшін қарқынды экономикалық өсу мен әлеуметтік дамудың үлгісі болды. Сондықтан біз оның қайтыс болуын БАӘ үшін ғана емес, бүкіл әлем қоғамдастығы үшін орасан зор қайғы деп қабылдаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Халифа бен Зайд Әл Нахаянның Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы қатынастарды дамытуға елеулі үлес қосқанын атап өтті.