Мемлекет басшысы: Инвестициялық жобалар бойынша нақты әрі түсінікті алгоритм керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Инвестициялық жобалар бойынша нақты әрі түсінікті алгоритм керек. Бұл туралы бейнебайланыс режимінде өткен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің кезектен тыс отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Президенттің айтуынша, елімізде монополияларға және нарыққа кіру кезіндегі жасанды кедергілерге қарсы басталған күрес инвесторлардың ел экономикасын әртараптандыруға қатысуына мүмкіндік береді.

«Қазіргі уақытта тартылған тікелей шетелдік инвестицияның шамамен 35 пайызы тау-кен саласына тиесілі. Сонымен қатар агроөнеркәсіп кешені, туризм, өңдеу және көлік өнеркәсібі сияқты бәсекеге қабілетті салалардың әлеуетін іске асыруда айтарлықтай мүмкіндіктерді жіберіп алып жатырмыз. Бұл жерде Еуразиялық экономикалық одақ пен Қытайдың ауқымды тұтыну нарықтарының басымдығы анық көрінеді. Осы салаларды дамытуға белсенді атсалысуға шақырамын», – деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Президент өзінің жуырда Қытайға және Ресей Федерациясына жасаған сапарына тоқталды.

«Аталған мемлекеттердің басшыларымен өте табысты келіссөздер жүргізілді. Олардың бәрі негізінен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды. Келісімдердің перспективасы зор екенін тағы да қайталап айтамын», – деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы инвесторлардың назарын еліміздің көлік-логистика саласындағы әлеуетіне аударып, Қытай – Еуропа дәлізі бойынша құрлық транзиттік тасымалдың 83 пайызы Қазақстан арқылы өтетінін атап өтті.

«Достық – Мойынты» аса ауқымды теміржол жобасы жүзеге асырылады. Бұл өткізу әлеуетін 5 есе арттыруға мүмкіндік береді. «Дарбаза – Мақтарал» жаңа теміржол бағыты Орталық Азиядан Ресейге, одан әрі Еуропаға шығатын транзиттік тасымалдың дамуына ықпал етеді. «Түркістан – Шымкент – Ташкент» жоғары жылдамдықты теміржол магистралін салу жоспарланып отыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті энергетикалық әлеуетті арттыруға, атап айтқанда атом энергетикасын, жасыл сутегін, экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқару қағидаты бойынша цифрландыруды дамыту жөніндегі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға тоқталды.

Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев квазимемлекеттік секторды реформалаудың, соның ішінде мемлекеттік кәсіпорындар мен холдингтерді жекешелендіру және IPO-ға шығару жұмыстарын жалғастырудың маңызды екеніне назар аударды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың тиімділігіне қатысты мәселеге де тоқталды.

«Бүгінде инвестиция тартудың барлық сатысында формализм мен келісімге келудің ұзаққа созылатын ішкі үдерістері әлі де басымдыққа ие екенін білеміз. Соның салдарынан инвесторлар қажетті шешімді айлап, жылдап күтіп қалады. Осыдан барып олар инвестициялық жобаларды кейінге қалдырады немесе басқа елге кетеді. Халықаралық келісімдердің мемлекеттік органдардағы кабинеттерде жатып қалуына, сондай-ақ келісімдерді ратификациялау ісінің көп жылға созылып кетуіне қатысты мысалдар жеткілікті. Бұрын солай болған, ол қазір де бар деп ойлаймын. Ал мұндай келісімдерге өзге елдерде бір-екі айдың ішінде қол қойылады. Инвестициялық жобалар бойынша нақты әрі түсінікті алгоритм керек. Кеңеске Үкіметпен бірлесіп, аталған мәселені пысықтауды тапсырамын», – деді Президент.


Соңғы жаңалықтар