Мемлекет басшысы: Еліміздің қаржы жүйесі дертке шалдыққан

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қаржы саясатының тиімділігін арттыру қажет. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сіздердің назарларыңызды әлеуметтік-экономикалық дамудың келесі өзекті мәселелеріне аудартқым келеді. Қаржы саясатының тиімділігін арттыру қажет. Алаңдатарлық тенденцияларға назар салу керек. Экономика дамуындағы банк секторының рөлі жылдан-жылға төмендеп барады. Корпоративтік секторды несиелеу 8,7 пайызға, шағын және орта бизнес 18 пайызға, ауыл шаруашылығы 48 пайызға төмендеді», - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президентінің айтуынша, халықтың тұтынушылық несие алуы 24 пайызға ұлғайып кеткен.

«Бұл ретте несиелердің үштен екісі жеке тұлғаларға кепілсіз берілген. Елдің қаржылық секторындағы күрделі проблема айқын көрініп тұр. Басқаша сөзбен айтсақ, қаржы секторы дертке шалдыққан. Өткен жылы өмірлік қиын жағдайға тап болған 500 мың азаматтың берешегі өтелді. 1,2 млн азаматымыздың тұтынушылық несиелері бойынша өсімпұлдары шығынға жатқызылды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігі мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін реттеуші шараларды қабылдауы тиіс екендігін баса айтты.

«Нақты айтар болсақ, несие төлей алатын адамдарға ғана берілуі тиіс. Бізде жеке тұлғалардың тұтынушылық несиелері 1,4 трлн теңгеге ұлғайды және 6,7 трлн теңгені құрайды. Олардың толық қайтарылатыны күмән тудырады. Ал заңды тұлғалардың несиелері 590 млрд теңгеге төмендеді»,- деді ҚР Президенті.









Соңғы жаңалықтар