Мемлекет басшысы: Елімізде азық-түлік жеткілікті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Алдағы кезеңде бағаны қымбаттатпай, елді дүрліктірмей, жұмысты дұрыс жүргізген жөн. Бұл туралы «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Еліміз үшін ауыл шаруашылығының маңызы зор. Дәл қазіргі басты міндет – егіс науқанын ойдағыдай өткізу. Қазақ «Көктемнің бір күні – жылға азық» дейді. Кез келген қауіп-қатерге қарамастан бұл жұмысты уақтылы жүргізу керек.

Мәлімдемеде айтылғандай, биыл көктемгі егіс науқанына және өнімді алдын ала сатып алуға 200 миллиард теңге бөлінді. Соның 70 миллиарды тұқым өндірісін дамытуға, тыңайтқыш сатып алуға жұмсалады. Сонымен қатар шағын және орта шаруа қожалықтары жанармайды арзан бағамен алады. Осыған орай 390 мың тонна дизель отыны жеңілдікпен сатылуда. Мұның бәрі мол өнім алуға септігін тигізеді деп сенемін», - деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, қазір халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету – негізгі мәселенің бірі.

«Мен мұны Үкіметке де, әкімдерге де тұрақты бақылауда ұстауды тапсырдым. Жалпы, елімізде азық-түлік жеткілікті. Алдағы кезеңде бағаны қымбаттатпай, елді дүрліктірмей, жұмысты дұрыс жүргізген жөн.

Ең маңызды мәселе – ауылдағы жас­тарға жағдай жасап, оларды жұмыспен қамтамасыз ету. Әйтпесе бақылаусыз миграция мен урбанизацияға ұшырап, соның салдарынан күрделі әлеуметтік және саяси мәселелерді шешуімізге тура келуі мүмкін. Міне, біз осындай қиыншылықтарды көре бастадық. Әсіресе бұл ірі қалаларда байқалуда. Осы мәселелер мемлекеттік органдардың ұдайы назарында болуы керек», - деді Қазақстан Президенті.


Соңғы жаңалықтар