Мемлекет басшысы: ЕАЭО елдерінде тұтыну бағалары өсіп барады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Бішкектегі отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО -ның өз ішінде инфляцияның артып тұрғанына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Одақ аясында ауқымды бірлескен жобалар іске асырылып жатыр, өзара есеп айырысудағы ұлттық валюталардың үлесі артып келеді. Мұндай жағымды динамика өзара әрекеттердің жоғары деңгейін және интеграциялық әріптестің елеулі әлеуеті бар екенін айқын әйгілейді.

Қазіргі геосаяси турбуленттілік жағдайында бізге экономикалық байланыстарды сақтау және нығайту, сауда-экономикалық кооперацияны одақ қағдидаттарымен мақсаттарының аясында дамытуға күш біріктіру өте маңызды», - деді Президент.

Мемлекет басшысының пайымынша, одақ елдеріне бірнеше басым мәселеге назарды көбірек аудару керек.

«Бірінші мәселе – әлемдік инфляцияның елдеріміздің экономикасына кері ықпалын барынша азайту. Халықаралық ұйымдардың болжамы көңіл көншітпейді. 2023 жылғы әлемдік экономиканың өсімі туралы болжамды Халықаралық валюта қоры 2,7 пайызға дейін, Дүниежүзілік сауда ұйымы 2 пайызға дейін түсірді. Еуразиялық экономикалық комиссияның мәліметі бойынша, ЕАЭО елдерінде тұтыну бағаларының өсімі жалғасуда. Одақ аясындағы инфляция қазан айында 11,5 пайыз болды. Өсімнің негізгі үлесі тұтынушылық және тұтынушылық емес тауарларға келіп отыр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар