Мемлекет басшысы бюджетті қайта қарап, қажетсіз шығындардан бас тартуды жүктеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралуына қарсы күрес шаралары жөніндегі кеңесте әкімдер мен министрлерге бюджетті қайта қарап, қажетсіз шығындардан бас тартуды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Коронавируспен күресте ақпараттық жұмыстар маңызды рөл атқарады. Дер кезінде хабарлап, тиісті шаралар қабылдауға көп нәрсе байланысты. Бастапқы кезеңде бұл жұмыстар жақсы ұйымдастырылды. Бірақ мемлекеттік органдар соңғы кезде бұл істі босаңсытып жіберді. Коронавирус бойынша үш ай бұрын арнайы құрылған Республикалық коммуникациялық орталық қазіргі уақытта іс жүзінде жұмыс істемейді. Осыған сәйкес, бүгінде бірыңғай нақты ақпараттар дерегі жоқ. Індетке қарсы күресте жауапты шенеуніктер теріс ақпарат беріп, халықты одан әрі адастырады. Ең жаманы осы», - деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президенті әкімдер мен министрлер қарапайым халықпен байланыс орнатуды қойғанын атап өтті.

«Олардың арыз-шағымдарына дер кезінде жауап бермейді. Сондықтан тұрғындардың көпшілігі қайда барарын білмей, торығуда. www.coronavirus2020.kz сайтына қырық мыңға жуық сұрақ келіп түсті. Қазіргі таңда оның үштен біріне ғана жауап берілді. Мұндай қарым-қатынастың нәтижесінде теріс әрі жалған ақпараттар өршіп тұр. Бұл біздің жұмысымызды одан сайын қиындатуда. Мен айтқанымдай, ақпараттық жұмыстарға қатысты тәсілді түбегейлі өзгерту керек. Мысалы, телеарналарда тікелей эфир арқылы дәрігерлерден кеңес алып, сұрақтарына жауап алатын күнделікті бағдарламаларды ұйымдастыруға неге болмайды? Азаматтарға емдеудің протоколын, алгоритмін жеткізу керек. Дәрі-дәрмектер, оны пайдалану жөнінде түсініктеме беру қажет. Сол кезде парацетамол алу үшін жұрт ұзын-сонар кезекке тұрмайтын болады», -деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы әкімдер мен министрлер бюджетті қайта қарап, конференцияларға, дөңгелек үстелдерге, салтанатты шараларға жұмсалатын барлық қажетсіз шығындардан бас тартуы керектігін баса айтты.

«Өңірлер мен ведомстволардың бюджетіне түрлі консалтингтік және PR қызметі үшін аз қаржы салынған жоқ. Бұл жөнсіздікті доғару қажет. Осы қаржыны эпидемиямен нақты күреске жұмсаңыздар. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бірыңғай Коммуникациялық орталықтың жұмысын толыққанды қайта іске қосып, оның үздіксіз болуын қамтамасыз еткені жөн. Президент Әкімшілігі бұл мәселенің бәрін бақылауға алып, осы іске тартылған барлық мемлекеттік органдар мен ведомстволардың ақпараттық жұмыстарын нақты үлестіруі керек», - деді ҚР Президенті.


Соңғы жаңалықтар