Мемлекет басшысы: Болашақтың кілті - цифрландыру мен инновацияда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда табысты азаматтар неғұрлым көп болса, еліміздің бәсекеге қабілеті соғұрлым арта түседі. Халқымыздың мерейі де үстем болады. «Жүз жаңа есім» жобасының мақсаты да – осы.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанның 100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздарымен кездесуінде сөйлеген сөзінде осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Болашақтың кілті цифрландыру мен инновацияда екенін білесіздер. Қазір робот жасау ісін белсенді дамытуға және ғарышты игеруге баса мән берген жөн. Жалпы, мемлекет талантты азаматтардың жаңа бастамаларына барынша қолдау көрсетеді. Арамызда коронавирусқа қарсы отандық вакцинаны әзірлеуге атсалысқан мамандар отыр. Сондай-ақ, волонтерлер мектебін ашқан, спорт саласында дүние жүзін мойындатқан, әлем әдебиетін қазақ тілінде сөйлеткен азаматтар да ортамызда.

Құрметті достар! Қазіргі таңда Қазақстанның алдында ауқымды жаңа міндеттер тұр. Біз 30 жылда жеткен жетістіктерімізді еселей түсу үшін елімізді жан-жақты дамыта беруіміз керек. Тың бастамаларды қолға алып, жасампаз ұлт атануымыз қажет»,-деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет шығармашылықпен айналысуға, білім мен ғылымға, жастарды қолдауға баса назар аударып отырғандығын атап өтті. Осы жолда тиімді әлеуметтік лифт қалыптастырудың орны бөлек. «Болашақ» халықаралық стипендиясы – осы бағыттағы табысты саясаттың айқын көрінісі.

«Құрметті жастар! Сіздер сияқты табысты азаматтар неғұрлым көп болса, еліміздің бәсекеге қабілеті соғұрлым арта түседі. Халқымыздың мерейі де үстем болады. «Жүз жаңа есім» жобасының мақсаты да – осы. Қазіргі заман – білім мен ғылымның дәуірі. Санасы сергек, ойы ұшқыр жастарды ел үшін аянбай еңбек етуге шақырамын. Бұл Сіздердің қолдарыңыздан келеді. Мен Қазақ елінің жастарына кәміл сенемін! Баршаңызға сәттілік тілеймін! Амандықта жүздескенше!»,-деп қорытты сөзіне Мемлекет басшысы.



Соңғы жаңалықтар