Мемлекет басшысы «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынына қатысуда

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - ҚР Президенті - Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысында өтіп жатқан «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынында сөз сөйледі. Бұл туралы Ақорданың Twitter парақшасына сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев сарбаздарға жалынды тілегін арнады.

«Отанымыз - Мәңгілік елдің беделін арттыра беру - Сендерге артылған зор үміт. Сондықтан, жастарымыз ұлттық құндылықтарымызға адал болып, Қазақстанның жетістіктерін еселей береді деп мен кәміл сенемін», - деді ҚР Президенті.

Мемлекет басшысының сөзінше, игі дәстүрге айналған «Айбын» әскери-патриоттық жиыны - отаншыл жастарды адал қызмет етуге, ел қорғаны болуға тәрбиелейтін бірегей алаң.

Айта кетейік, «Айбын» әскери-патриоттық жиыны 2019 жылдың 10-15 маусым аралығында Қарағанды облысының «Спасск» оқу-жаттығу орталығында өтеді. Шараны ҚР Қорғаныс министрлігі ұйымдастырып отыр. Оған 14-18 жас аралығындағы жасөспірімдер қатысып, күш сынасады.

«Айбын» әскери-патриоттық жиынының мақсаты - жастар арасындағы әскери-патриоттық жұмыстарды жетілдіру, Қазақстан Республикасында әскери-патриоттық тәрбиені дамыту, Қарулы Күштердің мәртебесін көтеру және әскери қызметті насихаттау. Сол арқылы
«Жас Сарбаз» әскери-патриоттық клубтар мен сыныптардың қызметін үйлестіру және олардың әскери басқару органдарымен қарым-қатынасын бақылау, жастарды Қарулы Күштердің әскери қызметіне дайындау көзделген.



Соңғы жаңалықтар