Мемлекет ауыл шаруашылығының кей өнімдерін субсидиялаудан бас тартады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекет ауыл шаруашылығының кейбір өнімдерін субсидиялаудан бас тартады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2017 жылдан бастап біз өсімдік шаруашылығындағы тауарлық-спецификалық субсидияларды азайта бастадық. Мәселен, алдымен дәнді дақылдарды, сосын майлы және көкөніс-бақша дақылдарын субсидиялаудан бас тарттық. Қазіргі уақытта ірі қара мал етіне, жұмыртқаға, қымыз бен шұбатқа, күрішке, мақтаға арналған субсидияны алып тастауды жоспарлап отырмыз. Өйткені бұл тауарлар бойынша еліміздің өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі тұрақты», - деді министр.

Бұл ретте ол босаған қаражат салада қалатынын айтады. Яғни, ол азаймайды және ешқайда кетпейді. Асыл тұқымды ұрғашы мал басын сатып алу, сондай-ақ импортқа тәуелді позициялар - сүт, құс еті, қант қызылшасы сияқты басым бағыттарды ғана субсидиялауға қайта бөлінеді.

«Өнім бірлігіне арналған субсидия өнім өндірісін арттыруды экономикалық тұрғыдан тиімді ынталандырады. Бұл ретте өнеркәсіптік және технологиялық өндірісті қолдауға басымдық берілуі тиіс. Алайда, мемлекеттік қолдаудың бұл түрі ішкі нарықты молықтырғанға дейін уақытша сипатта болуы қажет», - деді С.Омаров.


Соңғы жаңалықтар